$ 444.22  476.38  4.82

ОҚО-да ВИЧ-ке шалдыққан баланы балабақшадан шығарып жіберген

Шымкент тұрғыны ВИЧ-ке шалдыққан сәбиін балабақшадан заңсыз шығарып жібергенін айтып шағымданды. Мектепке дейінгі мекеме басшылығы 3 жасар баланың ауруы өзге сәбилерге жұғады деп есептесе керек. Бұл жайында "Астана" телеарнасы хабарлап отыр.

Феруза Жәнібекованың (аты-жөні өзгертілген) өмірі бір сәтте қорқынышты түске айналды. Осыдан бір ай бұрын шымкенттік дәрігерлер әйелде және оның үш жасар баласында ВИЧ індетінің бар екенін анықтаған. Белгілі болғандай, аты жаман ауруды оған бұрынғы азаматтық некедегі күйеуі жұқтырған екен. Екеуі осыдан екі жыл бұрын ажырасып кеткен.

Ферузаның айтуынша, балаға вирус емшек сүті арқылы жұққан көрінеді. Ол кезде сәби 1,5 жаста болған екен. Енді қазір бұрынғы күйеуін жазалау үшін жалғызбасты әйел полицияға арызданып отыр.

"Әл-Фараби аудандық ІІБ-не барып, балам екеумізге ауру жұқтырғаны үшін оның үстінен арыз жаздым. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Бірақ, ол әлі полиция бөлімшесіне келген жоқ", - дейді күйеуінен ВИЧ жұқтырған әйел.

Жығылғанға жұдырық дегендей, Ферузаның баласын балабақшадан да шығарып жіберген. Әйел сәбиінің науқас екенін мекеме дәрігеріне ескерткен екен. Ол өз кезегінде балабақша басшысын құлағдар етіпті.

"Балабақша меңгерушісі бізге қайта келмеуімізді айтты. Ол менің ұлымның індеті өзге сәбилерге жұғуынан қорқатынын жасырған жоқ", - деп көзіне жас алды науқас сәбидің анасы.

"Алдияр" балабақшасының меңгерушісі Айжан Салиева болса мұндай жайттың болғанын жоққа шығарып отыр. "Сол күні мен оған бірнеше рет телефонмен хабарластым. Жазған СМС-хабарламаларды да көрсете аламын. Мен бар болғаны бірге отырып, одан әрі қарайғы әрекеттерімізді жоспарлап алғым келді. Сөйлескеннен кейін оның баласының науқас екенін ешкімге айтпауға келістік", - дейді ол.

Белсенділер болса баланың құқығы өрескел бұзылғанын айтып отыр. Оның ВИЧ-ке шалдыққанын мекеме дәрігерінен басқа жан баласы білмеу керек еді дейді олар. Ал, сол ауруы үшін балабақшадан шығарылуы заңға қайшы.

Енді сәбидің құқығын қорғаумен "Балаларды СПИД-тен қорғайық" атты қайырымдылық қоры айналысатын болады. Қор президенті Жаннета Жазықбаева прокуратураға арыз дайындап қойғанын айтты. Олар балабақша қызметкерлерін заңды өрескел бұзғаны үшін жазалауды талап етпек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары