$ 494.87  520.65  4.91

Инсульттен кейін Ислам Каримов жаңаша ойлана бастады

Осыған дейін өлі-тірісі белгісіз болып келген Өзбекстан президенті Ислам Каримов тәуелсіздік күні қарсаңында халқын айтулы мерекемен құттықтады. Турасын айтқанда, оның құттықтау хаты мемлекет басшысының ресми сайтында жарияланды.

Жасыратыны жоқ, Өзбекстан Орта Азияның өзге елдеріне қарағанда оқшаулану саясатын көбірек ұстанған. 2012 жылы республика Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ОДКБ) құрамынан өз еркімен шығып кеткен болатын. Сондай-ақ, ел президентінің өзге мемлекеттерге ресми іс-сапарлары да өте сирек орын алады. Ал, елдегі сөз бостандығының ахуалы баршаға белгілі.

Кеше ғана миына қан құйылып, ауыр халде жатқан президент Ислам Каримов болса бүгін Өзбекстан билігін ескі көзқарастардан арылып, жаңаша мемлекет құруға шақырды. Ауруханада емделіп жатқан өзбек көшбасшысы жауапты лауазымда отырған қызметкерлерге қазіргі заман талабына сай өзгеріп, бәсекелестікке төтеп бере алатын үкімет қалыптастыру керектігін тапсырды.

"Ескі көзқарастар мен әдістердің бәрінен бас тартып, жаңаша ойлану керек, жұмысты ұйымдастыру мен басқару жүйесін жаңа деңгейге көтеруге тиіспіз", - делінген Каримовтың құттықтау хатында.

Аталған хатта президент Өзбекстанның ешқандай елдің ішкі саясатына қол сұқпайтынын, өз территориясында өзге елдердің әскери базаларын кіргізбейтінін де айтқан.

Естеріңізге салайық, 29 тамызда "Ферғана" порталы мен өзбекстандық бірнеше БАҚ өкілдері Ислам Каримовтың қайтыс болғанын мәлімдеген болатын. Одан сәл ертерек президенттің қызы Лола Каримова әкесінің миына қан құйылып, ауыр халде жатқанын хабарлаған. Артынша ресейлік ақпарат құралдары Өзбекстан президентінің көз жұмғандығын жоққа шығарып, Каримовтың Ташкенттегі ауруханада емделіп жатқанын жазды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары