Қазақстанда салафизм діни ағымына заң тұрғысында тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин хабарлады деп жазады "Алматы" телеарнасының сайты.
Қазақстандық мұсылмандардың салафизмге тыйым салуды талап етуі бекер емес. Өйткені, елімізде орын алған соңғы лаңкестік оқиғалар дәл осы салафиттердің қолымен жасалғаны белгілі. Мұны биыл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та, ҚР ҰҚК төрағасы Владимир Жұмақанов та айтқан болатын.
Ғалым Шойкиннің айтуынша, бүгінгі таңда елімізде дәстүрлі емес исламның жетегінде кеткендер саны 16 мыңға жуықтапты. Билік өкілдері де радикализмге бейжай қарамай, заңнамалық негізде қарсы әрекетке бару керек деген пікірде. Яғни, мұндай ұйымдарға заңмен тыйым салып қана түбегейлі жеңуге болады.
Шойкин атап өткендей, қазіргі таңда аталған мәселеге қатысты жаңа құжаттар әзірленіп жатыр. Жуық арада заң жобасы Парламенттің қарауына жіберіледі. Салафизмге тыйым салу-салмау мәселесін сондағы депутаттар шешпек.