$ 499.51  525.83  4.62

Түркияда Гүленге қатысы бар деген күдікпен 105 имам ұсталды

Түркияның арнайы жасағы шілдедегі оқиғаларға қатысы бар деген күдікпен 105 әскери имамды қолға түсірді деп хабарлайды The Daily Mail.

Ұстау операциялары елдің 17 провинциясында жүргізілген. Құқық қорғаушылардың айтуынша, ұсталған имамдар АҚШ-та қашып жүрген діндар Фетхулла Гүленмен байланыста болған. Олардың кейбірі көсемдерінің маңызды миссияларын да орындаған көрінеді.

Сонымен қатар, әскери әуе күштерінің қатарынан 73 қызметкер қуылды, олардың 66-сы офицер болса, 7-і сержант шеніндегі мамандар. Түркия қорғаныс министрінің айтуынша, жұмыстан шығармастан бұрын аталған қызметкерлер әбден тексерілген. Тек күдік расталғаннан кейін ғана осындай қатаң шара қолдандық дейді ол.

Жалпы, шілдедегі оқиғадан бері Түркияның қарулы күштерінің қатарынан 4524 қызметкер шеттетілді. Олардың 151-і генерал шеніндегі мамандар. Көпшілігінің үстінен іс қозғалып, қазір қамауда отыр.

Естеріңізге салайық, 16 шілдеде әскерилер Түркия билігін күшпен басып алмақ болған еді. Алайда, бұл әрекеттері жүзеге аспай, сарбаздардың көпшілігі жарты жолда қаруларын тастап, арнайы жасақ өкілдеріне берілді. Осы қақтығыстар салдарынан 230 адам қаза тауып, 2,1 мыңнан астамы жарақат алды. Ал, Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған болса көтерілістің артында елден қашып кеткен діндар Фетхулла Гүленнің тұрғанын айтуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары