Қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы діни текетірес қайта ушыға бастады. Арабтардың жоғарғы мүфтиі Әбдел Әзиз әл-Шейх ирандықтардың мүлдем мұсылман еместігін айтып отыр.
"Олар мұсылман емес, зороастризм дінін ұстанушылар, сондықтан мұсылмандардың жауы, әсіресе сүнниттердің", дейді саудиялық бас мүфти қажылық парызын орындауға келген мұсылман қауымына.
Әбдел Әзиз әл-Шейхтің бұл сөздері жауабын көп күттірген жоқ. Иранның діни көсемі аятолла Хаменеи Сауд Арабиясын қажылықты ұйымдастыра алмайды деп айыптады. Ол қасиетті Мекке мен Медине қалаларын басқару жүйесіне өзгерістер енгізу қажет екенін айтып отыр. Хаменеи сондай-ақ, былтыр Меккеде қажылық кезінде орын алған қайғылы жайтты да Саудия бас мүфтиінің есіне салды.
Айта кетейік, былтыр қажылық кезінде орын алған кептеліс салдарынан парызын өтеуге келген ирандық 464 мұсылман қаза тапқан болатын. Жарақат алғандар саны да аз емес.