Сенаттың жалпы отырысында қашықтан жұмыс істеуге қатысты заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ЭК.
"Коронавирустың таралуына дейін жүргізілген халықаралық зерттеулерге сүйенсек, 2020 жылдың басында әлемдік компаниялардың 16%-ы толығымен қашықтан жұмыс істеді, ал 40%-ы аралас жұмыс режимін қолданды. Өздеріңізге белгілі, 2020 жылы Қазақстан аумағында COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуы, қызметкерлердің орта есеппен 70%-ын қашықтан жұмыс істеуге ауыстырып, жұмыс режимінің өзгеруіне алып келді", — деді Сенат депутаты Нариман Төреғалиев.
Ол елімізде қашықтан жұмыс істеуді ұйымдастырудың қалыптасқан тәжірибесі, пандемия кезеңіндегі еңбек саласындағы нақты процестер мен еңбек заңнамасы арасындағы алшақтықты көрсеткенін айтты. Сондықтан олқылықтарды ескере отырып депутаттар бірқатар ұсыныс жасаған.
"Атап айтқанда қашықтан жұмыс істеуге ауысқан қызметкерлердің тап болған өткір мәселелерінің бірі — коммуникация құралдарымен, компьютерлермен және басқа да құралдармен қамтамасыз ету болатын. Осыған байланысты заң жобасында көзделген нормаға сәйкес, төтенше жағдайды енгізу, жариялау және шектеу ісшараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңінде уақытша қашықтан жұмыс істеу кезінде қызметкерді коммуникация құралдарымен қамтамасыз ету және шығыстарды өтеу қажеттілігі жұмыс берушінің актісінде айқындалады. Егер жұмыскер өзінің коммуникация құралдарын тұрақты негізде пайдаланатын болса, жұмыс беруші өтемақы төлей алады, оның мөлшері, төлеу тәртібі мен мерзімдері тараптардың келісуі бойынша белгіленеді", — дейді депутат.
Заң жобасындағы нормалардың бірі — қос тараптың келісуі бойынша қашықтан және қашықтан аралас жұмыс істеу ұғымдарын енгізу көзделген. Аралас жұмыс істеу жұмыс кезеңдерін жұмыс беруші орналасқан жерде де, одан тыс жерде де кезектестіруге мүмкіндік береді
"Сонымен бірге, орындалатын жұмыс көлемі сақталған жағдайда жұмыс берушіге, қашықтан жұмыс істейтін қызметкердің жалақысын төмендетуге мүмкіндік бермейтін норма енгізілді. Жұмыс берушінің, қызметкер қашықтықтан жұмыс істеу кезінде пайдаланатын құпия ақпаратты қорғау туралы шарт жасасу құқығы бекітілді", — дейді сенатор.