$ 486.44  534.31  5.06

2021 жылдың нендей жаңалығы болды?

2020-дағы жаһан жұртын дір еткізген жайттан кейін 2021 жылды кез келгеніміз асыға күткеніміз анық. 2021-де коронавирус деген тажалдың аты өшетіндей үмітпен қарадық, үздіге күттік.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

2020-дағы жаһан жұртын дір еткізген жайттан кейін 2021 жылды кез келгеніміз асыға күткеніміз анық. 2021-де коронавирус деген тажалдың аты өшетіндей үмітпен қарадық, үздіге күттік. Алайда, коронавирус кетпегенімен қоймай, тамырын тереңге жая бастады, айлап, тіпті апталап жаңа штамдар анықталып жатты... 2021 жылы елімізде коронавирустан бөлек, қандай маңызды жайттар орын алды? Skifnews.kz тізіп шықты.

Түнектен шығар жол – екпе

Қазақстанда 1 ақпаннан бастап халықты жаппай вакциналау басталды. Ол кезең-кезеңмен жүзеге асырылды. Ресейлік «Спутник V» вакцинасы алдымен медицина қызметкерлеріне салынды. 1 наурыздан мұғалімдер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары егілді. Ал 1 сәуірден студенттер, оқушылар мен балабақша қызметкерлері, созылмалы ауруы бар азаматтар жаппай екпе ала бастады. Осыған орай вакциналаудың электронды төлқұжаты пайда болды.  Яғни, бұл вакциналаудың медициналық тарихы, вакцина алған азаматтарды үздіксіз бақылау мен оларға мониторинг жүргізу қызметінің денсаулық сақтау саласындағы басты модулі. 

Осы орайда қазақстандық ғалымдардың да ғылымға қосқан бірден-бір үлесі – отандық екпе жасап шығаруы болды. 26 сәуірде Қазақстанда халыққа коронавирусқа қарсы қазақстандық институт әзірлеп шығарған QazVac вакцинасы егіле бастады. Отандық вакцинаны алғашқылардың бірі болып денсаулық сақтау министрі Алексей Цой салдырды. QazVac вакцинасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының халал сертификатын алды, әлем елдерінен оны өндіруге сұраныс та түсе бастады, алайда, ДДСҰ-ның тіркеуіне іліге алмай-ақ қойды. Ол екі ортада министр Цой да жұмыстан шығып үлгерді. Экс-министр соңғы сұхбаттарының бірінде препаратты халықаралық ұйымда тіркеу ұзақ уақытты талап ететінін айтқан болатын.

«Әзір мерзімі бойынша бірнәрсе деу қиын. Жалпы 4 кезең бар. Біз – біріншісіндеміз. Бірнеше мәрте бару керек, сосын сарапшылар тобы бәрін тексереді. Әрине, зауыттың құрылысы,  қажеттісін бәрін салу мәселесі тағы бар. Қазақстан бұрың-соңды вакцина өндірісін қолға алмаған еді. Оның салынғаны жаңа ғана, дереу халықаралық стандарт бойынша аккредитациядан өткізуге кірістік. Әрбір процесс уақытты қажет етеді. Бәрі бір уақытта жүргізілмейді, бұл өте күрделі жұмыс», - деді Цой.   

Жалпы, елімізде QazVac, «Спутник V», Hayat-Vax, CoronaVac, Sinopharm және Pfizer вакциналарына рұқсат бар, ресми тіркелген. Соңғысын халық асыға күткені де жасырын емес. Pfizer-дің алғашқы партиясы Қазақстанда қараша айында ғана жетті. 

Зар қылған зейнетақының «жеткілікті шегі»

2021 жылдан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін үй алу, емделу немесе жеке қаржы компанияларына басқаруға беру мақсаттарында пайдалану құқығы берілді. Ол үшін «жеткілікті шегі» белгіленді. «Жеткілікті шек» – салымшының қордағы есепшотында қалуы тиіс жинақ ақшасының ең төменгі мөлшері.   3 желтоқсандағы мәлімет бойынша елімізде мұндай жеңілдікті 338,4 мың адам пайдаланып, оларға жинақтаушы қордан 1,6 трлн теңге бөлінді. Олардың көпшілігі ипотекасыз тұрғын үй сатып алып, бірқатары қайталама нарықтан тұрғын үйге ие болды. Тұрғын үй қарыздарын өтеді. 

Алайда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басшылығы тағы бір тосын шешім қабылдады. Ендігі жерде қарапайым халық әлеуметтік мәселелерді шешу үшін бұрынғы жеңілдікті пайдалана алмайтын болды. Себебі, 2022 жылдан бастап 30 жастағы азаматтардың қордағы жеткілікті мөлшері 4 млн 370 мың теңге, 35 жастағылардыкі 5 млн 60 мың теңге, 45 жастағыларға 6 млн 580 мың теңге, 50 жастағыларға 7 млн 430 мың теңге деңгейіне көтерілді, яғни, бұрынғы жеткілікті мөлшер екі есеге өсті.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры осындай шешім қабылдаған соң халық жыл соңына дейінгі уақытты тиімді пайдаланып қалуға асықты. Үш күн ішінде БЖЗҚ халықтан 46 мың арыз қабылдады. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру туралы шешімге қатысты көпшіліктің өтінішіне құлақ асты. Мемлекет басшысы зейнетақы қорындағы шекті межеден асқан қаржысын пайдаланып үлгермеген азаматтарды қолдап, Үкіметке бұрынғы шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.

2021 – жарылыстар жылы...

Тамыз айында кешкілік елең-алаң шақта Жамбыл жақтан жойқын жарылысдың дыбысы шықты. Соңын ала Қорғаныс министрлігі жарылыс болған Жамбыл облысындағы әскери бөлімнің қоймаларында 2019 жылы Арыс қаласында болған өрт пен жарылыстан кейін әкелінген оқ-дәрілердің сақталғанын растады. Жарылыс салдарынан 16 адам қаза тауып, 98 адам зардап шеккенін, үш кісінің хабар-ошарсыз кеткені белгілі болды.  Сол оқиғадан кейін бір өрт сөндіруші із-түзсіз жоғалып кетті, өкінішке қарай, ол әлі табылған жоқ. Іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Кейін Президент қаза тапқандарды марапаттады.

Тағы бір жойқын жарылыс Шортандыда орын алды. 16 қараша күні Ақмола облысының Шортанды кентінде газ баллоны жарылып, 3 адам көз жұмды, тағы он адам ауруханаға түсті. Оқыс оқиға түнгі сағат 22:00 шамасында Шортанды кентінде Линейная көшесіндегі үш пәтерлі барак үйде болды. Жарылыстан кейін 3 пәтер өртеніп, оның бір бөлігі құлады.

Кезекті жарылыс Қарағанды өңірінен шықты. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасында кенет көмір мен газ лақтырылды. Апат кезінде шахтада 64 адам жұмыс істеп жатқан еді. Оның ішінде 8 адам кен¬жарда болған. Апат салдарынан екі адам зардап шегіп, алты кенші қаза тапты.

Із-түссіз кеткен 7 студент

25 мамырда 112 пультіне сағат 18:30-да 7 адамның жоғалғаны туралы хабарлама түскен. 21 мамырда туристер «Сары-Айғыр» шатқалына жаяу бет алған. Құтқарушыларға хабарласқан адамның айтуынша, олар 24 мамырда үйге оралуы керек болған. Олар екі топқа бөлінген. 28 мамырда үш адам тірі табылды. Құтқарушылар қалған туристерді 28 күн бойы іздестірген. Кейін төрт студенттің де мәйіті табылды. Олардың сөзінше, мәйіттердің барлығы Өгем өзенінен шыққан. 

Биыл елдегі тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайға, экологиялық ахуал қосылып, бірқатар өңірді қуаңшылық қысты. Маңғыстау мен Қызылорда облысынан бөлек, құрғақшылықтың географиясына Жамбыл облысы да енді. Асып-тасып ағып жататын Шу өзені биыл мүлдем шөгіп, жайылым мен шабындықтарға су жетпеді. Көкорай шалғын жерлер қу тақырға айналды.

Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл өңірдегі 600 ірі шаруа қожалығы мен 6 мыңға жуық жеке үй қожалықтарына қаржылай қолдау көрсетілгенін мәлімдеді.

«Биыл Маңғыстау облысында қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға қаржылай қолдау көрсету үшін үкімет резервінен 1,9 млрд теңге бөлінді. Қайтарымсыз қаражат төрт түліктің аналық басы үшін мал азығына жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге берілуде. Қазір бөлінген қаражаттың 57% игерілді яғни, 5,9 мың жеке қосалқы үй шаруа қожалықтарына 745 млн теңге және 575 шаруа қожалығына 395 млн теңге қаржылай мемлекеттік қолдау көрсетілді», деді басқарма басшысы. 

Босқа кеткен миллиондар

Кез келген дүкенде сатылатын батареяның 10 данасына қанша ақша жұмсайсыз? Мықтаса, 500 теңгеңіз кетер, ал Жамбыл облысы әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасы шынашақ батареяны 901 700 мың теңгеге бағалап, осындай он батареяны сатып алуға 9 миллион 17 мың теңге бөлген. сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменттің ұсыныс хатынан кейін бағалар қайта қаралып, батареяның әр данасы 300 теңгеден сатып алынды.

Ал күні кеше ғана Семей әкімдігі қала алаңдарына орнату үшін сатып алған екі жаңа шыршаға бюджеттен 23 миллион теңге жұмсаған. Қалалық ТКШ өкілдері «Орал шыршасы» деп аталатын жасанды ағаштар Мәскеуден сатып алынғанын, бірінің биіктігі 19 метр, екіншісі 18 метр екенін хабарлады.

2021-дің жағымды жаңалығы да болды

2021 жылы ақжолтай жаңалықтарға да толы. мысалы, «Әліппе» қайта оралды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2021 оқу жылында бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитынын айтты.

Ең басты жаңалық - биыл Қазақстанның қасиетті әрі қастерлі мерекесі –Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тойланды. Одан бөлек, биыл Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, Әлихан Бөкейханұлының 155 жылдығы, Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығы, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы аталып өтті.

Еліміздің мерейін әлем алдында көтеріп тастаған тағы бір жаңалық – қазақ баласының Grammy жүлдесін иеленуі болды. 15 наурызда қазақстандық музыкант Иманбек Зейкеновтың SAINt JHN атты әншінің Roses әніне жазылған ремиксі Grammy сыйлығын жеңіп алды. Одан кейін музыкант Forbes және GQ рейтингтерінде көш бастады және Rita Ora, David Guetta сияқты әлемге әйгілі музыканттармен бірге ән жазды.

Бұл біз терген оқиғалардың бір парасы ғана. 2021 сала-салаға жіктеп жазуға болар оқиғаларға толы жыл болды. Дегенмен, өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары