$ 494.87  520.65  4.91

«Қазаққа керек дүние»: Тоқаев туралы фильмнің авторы мәлімдеме жасады

Фильмді түсіруге ниет білдірген NAR Media Group өкілі «мемлекеттен бір тиын алмағандарын» алға тартып, фильмді түсіруге 2 жыл бұрын бел буғандарын жеткізді.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Жақында желіде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаев туралы фильмнің сценарийі тарап кеткен болатын. Енді фильмді түсіруге ниет білдірген NAR Media Group өкілі «мемлекеттен бір тиын алмағандарын» алға тартып, фильмді түсіруге 2 жыл бұрын бел буғандарын жеткізді, деп хабарлады orda.kz.

«Екі-үш күннен бері бәзбіреулер біздің толықметражды фильм («Әке тағдыры») түсіруімізге байланысты әлеуметтік желіге келсін-келмесін, өздерінің кім екенін білдіретін жазбалар қалдырып жатыр екен. Рас, фильм жазушы, қазақ детектив жанрының атасы атанып кеткен Кемел Тоқаев жайында түсіріледі. Біз бұған 2 жылдай дайындалдық. Кезінде Кемел Тоқаевтың қай шығармасы болса да қаншама данамен шығарылғанымен, дүкендерде қалмай, қолдан-қолға өтіп оқылатын. Себебі белгілі, құнды дүние ешқашан жерде қалмайды. Шығармалары көркемдік жағынан да, әрбір детальдарды пайдалану тұрғысынан болсын, оқырмандарын баурап алатын. Біз де 7 жылдай «Қылмыс пен Жаза» бағдарламасын жасаған кезде оның шығармаларынан көп идея алатынбыз. Бағдарлама сол үшін де көрерменнің көңілінен шықты. Келер жылы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы. Осындай мерейлі жасында неге рухани азық алған қайраткеріміз туралы туынды жасамасқа?! Және біз фильмге басқалар сияқты Үкіметке алақан жайып, бір тиын сұрап жатқанымыз жоқ», – деді идея авторы Нартай Өтеген.

Тағы оқыңыз: Желіде Тоқаевтың әкесі туралы фильм сценарийінің фотосы тарап жатыр

Болашақ фильмнің продюсері Кемел Тоқаевтың өмірі не себепті жұртқа қызық болатынын түсіндірді.

«Біле білген адамға Кемел Тоқаевтың жастық шағы өте қиын болған. Кеңестік кезеңнің кесапаты барлық қазақ отбасы сияқты Тоқа отбасына да тиген. Қолдан ұйымдастырған ашаршылық, адам төзбес қиянаттардан титықтаған қазақтар аман қалудың жолы деп шет елдерге ауа көшкен. Тоқа әулеті заман оңалса оралуға жақын деп Бішкекке барады. Алайда ол жақта да оларға оңай болмады. Кемелдің қарындасы отқа өртеніп, сал боп жатқан анасы қызын құтқара алмай, жүрегі жарылып қайтыс болады. Аштан өлмеудің қамымен титтей тары болса да тауып келудің қамымен жүрген кішкентай Қасым мен Кемелді милициялар ұстап алып, «әке-шешеміз бар» дегеніне қарамай, жетім балалар үйіне қорқытып өткізіп жібереді. Ол кезде де балалар үйін толтыру науқаны (әсіресе қазақ балаларымен) жүргізілген. Осындай қасіреттен кейін, яғни жары мен қызынан өлідей, қос құлынынан тірідей айырылған Тоқаның жайы айтпаса да түсінікті шығар… Міне, мұндай жағдайлар және ашаршылықтан қырылу бұл әулеттің ғана емес, бүкіл қазақтың басынан өтті. Осындай геноцидті әлемге мойындата алмай біз жүрміз. Өйткені, дәлел-дәйегіміз жетпейді-мыс. Ал Тоқа әулетінің аянышты тағдырын кім жоққа шығара алады?!» – деді Нартай Өтеген.

Сондай-ақ ол қазаққа керек дүниелерді бастағанда ұлт қаскөйлері жолды бөгейтінін мәлімдеді.

«Қысқасы, қазаққа керек дүниелерді бастай бастасаң, ұлтымызға қас қаскөйлер мен біреудің жасап жатқанын көре алмай, іштері қызғаныштан өртеніп кететіндер әңгіме ауанын басқа жақтан бастап, біздің «қытығымызға» тигісі келеді. Оларыңнан ештеңе шықпайды! Осы уақытқа дейін қазақы дүние мен ұлттық құндылығымызды насихаттауда біршама телехикаялар жасаған біздің ұжым ондайлардан қайта қайраттана түседі», – деп қорытындылады сөзін фильм авторы.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары