7 жасар Виктория Ганяны өлтірген күдікті Алматыға кешенді сараптамаға жіберілді, деп хабарлайды «Қазақпарат».
«Рудный қаласының 7 жастағы тұрғыны Вика Ганяның өліміне күдіктінің ісін жүргізу мәртебесі өзгертілді. 10 күндік тұтқынға алу мерзімін күтпестен Рудный қалалық соты стационарлық кешенді сот-психологиялық психиатриялық сараптама тағайындау туралы қаулы шығарды», деп хабарлады Рудный қалалық сотынан.
Қаулы мәтініне сәйкес, күдікті ҚР денсаулық сақтау министрлігінің Алматы қаласындағы республикалық психатрия және наркология ғылыми-тәжірибелік орталығына жатқызылды.
Қостанай облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдегендей, Виктория Ганяның өліміне қатысты тергеу жұмыстары бес айға дейін созылуы мүмкін.
Бұрын хабарланғандай, Рудный қалалық сотының санкциясымен 19 жастағы азамат қамауға алынған еді. Ол тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу орталығында тұратын болып шықты. Жеті жасар қыздың өліміне қатысы бар деп сезіктелген ол тергеу барысында кінәсін мойындаған болатын.
Еске сала кетсек, 22 мамырда Виктория Ганяның мәйіті табылды. Қыз баланың бас-ми жарақатынан қайтыс болғаны анықталды. Мәйітті тапқан ерікті Владимир Радченко әуеліде полицейлердің қолында болған бейнебақылау жазбаларын пайдаланғанын айтты. Ол жедел іздестірушілердің қыздың денесін қалайша ұзақ уақыт бойы таба алмағанына таңғалады. Сондай-ақ, Викторияның өлімі бойынша тергеуді дұрыс жүргізбегені үшін облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасарлары жазаланды.