2021 жылдың қорытындысы бойынша елімізге тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 23,7 АҚШ млрд долларға жетті. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 37,7 процентке өсті, деп хабарлады сыртқы істер министрлігі.
"Ұлттық Банк мәліметі бойынша Қазақстан шетелдік капитал ағындарындың төмендеу үрдісін күрт өзгертіп ғана қоймай, елімізге құйылып жатқан инвестициялар көрсеткіштерін 2017-2019 жылдарының деңгейіне дейін жеткізіп отыр", - делінген хабарламада.
Қазақстан экономикасына ең көп инвестиция салған мемлекеттердің үздік бестігі өзгеріссіз қалды.
Олар - Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Ресей және Қытай 25%-дан 92%-ға дейін өсімімен көшбасшылықты сенімді ұстап отыр. Аталған елдерден инвестициялар үлесі тартылған инвестициялардың жалпы көлемінің 68,3% - ті құрайды.
"Өз кезегінде, үздік ондықтың екінші бөлігінде айтарлықтай өзгерістер байқалды. Бельгия салған инвестицияларды 35,1%-ке ұлғайтты және Ұлыбританияны басып озып, 6-шы орынға иеленді. Корея Республикасы 73,2%-ке өсім көрсетіп, 9-шы орыннан 8-ші орынға көтерілді. Сонымен қатар, Түркия инвесторлары республикамызға инвестициялардың өсуін 87%-ке қамтамасыз етіп, 9-шы орынға орналасты. Үздік ондықты Франция инвесторлары тұйықтады", - делінген министрлік ақпаратында.
Министрлік мәліметінше, мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жаңа инвестициялық саясатының тұжырымдамасы ESG (Environmental - қоршаған орта, Social - әлеуметтік сала, Governance and Prosperity - корпоративтік басқару және экономикалық өркендеу) стандарттарына сай әзірленіп жатыр.