Желіде Ақтауда 8 миллиард теңгеге стадион салынатыны туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Онда жаңа нысан қаладағы жаңа мөлтек аудандардың бірінде салынатыны айтылған.
"Жобаның бағасы - 8 миллиард теңгеге жуық. Ол УЕФА-ның барлық талабына сай болады", - деп жазылған meta-ratings.kz сайтында.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"Бұл жалған ақпарат. Негізі, Ақтауда спорт кешенін салу жоспарланып жатыр. Бірақ оның бағасы қанша, эскизі қандай болатыны әлі бекітілмеді", - деді ведомство баспасөз қызметінің өкілдері.
Қазір Ақтауда жергілікті "Каспий" футбол клубы өз алаңындағы ойындарды "Жас Қанат" стадионында өткізіп жүр. Бұл аренаға 5 мың жанкүйер сыяды.
Айта кетейік, былтыр Түркістанда жаңа футбол стадионы ашылған болатын. Жеті мың орындық "Түркістан-Арена" тек футболға емес, жеңіл атлетика үшін де салынған. Оның құрылысына 39 миллион доллар жұмсалған.