Құтқарушылар Жамбыл облысында суға батып кеткен жеті жасар қыздың денесін тапты, деп хабарлайды облыстық ТЖД Instagram желісіндегі ресми парақшасында.
ТЖД мәліметінше, кеше сағат 18.10-да гидроторапта шлюзды көтерген кезде қыздың денесі ағынмен ағып келген.
"Сағат 18.10-да қыздың денесі гидротораптағы шлюзді көтеру кезінде ағынмен ағып келді. Оны ТЖД қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар судан шығарды", – делінген ведомствоның хабарламасында.
Баланы іздеу жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің 74 қызметкері және жеті техника, 100 жергілікті тұрғын, соның ішінде еріктілер мен жанашыр азаматтар да қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, Жамбыл облысының Талас өзенінде атасы мен немересі суға батып кеткен болатын. Ер адамның денесі табылып, баланы іздеу жұмыстары кешегі күнге дейін жалғасқан еді.