$ 494.87  520.65  4.91

Бекболат Тілеухан Түркия азаматтығын алуға құжат өткізген

Түркиядағы дереккөз таяуда Бекболат Тілеуханның Ыстанбұлдан 6 бөлмелі пәтер сатып алғанын хабарлайды.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Ulysmedia.kz порталына келіп түскен дереккөзге сәйкес, экс-депутат Бекболат Тілеухан Түркия азаматтығын алуға өтініш берген. Порталдың Түркиядағы дереккөзі таяуда Бекболат Тілеуханның Ыстанбұлдан 6 бөлмелі пәтер сатып алғанын хабарлайды.

ДЕПУТАТТЫҚТАН КЕТКЕН КЕЗЕҢ

Еске сала кетсек, Қаңтар оқиғалары басталар алдында (бір апта бұрын) Бекболат Тілеуханның Мәжіліс депутаты ретіндегі өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған болатын. Оның өзі Парламенттен кету себебін Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының бірінші вице-президенті болып тағайындалуымен түсіндірген. Мәжілісте экс-депутат ұзақ уақытқа кететінін сезгендей әріптестерімен қоштасар алдында аманатын айтып кеткені бар.

«Қазақ шабуылшы жұрт емес, қорғанушы жұрт. Тарихта есесі кеткен жұрт. Осы нәрсені естеріңізде болып, есіркей қараған, парасат көздеріңіз, анау жүректеріңіздің түкпірінде тарихи санамен, мемлекетшіл оймен, әрқашан жүректеріңіздің түкпірінде тұрса екен деген депутат ретінде емес, сайлаушы ретінде бір аманатым бар», - деген еді ол сол тұста.

Осыдан кейін Қаңтар оқиғалары болды. 14 қаңтарда Бекболат Тілеухан ұлттық арнада президенттің бастамалары жөнінде бір мәрте пікір білдірген. Журналистердің бірімен соттасып жатқаны туралы да ақпарат тарады. Содан кейін ол медиаалаңда көп көрінбей кетті.

Әлеуметтік желіде Бекболат Тілеухан аса белсенді емес. Кейінгі айларда тек басқалар жазған жазбаны бөлісіп отырады. Фейсбуктегі соңғы постын экс-депутат осы жылдың 16 мамырында жариялаған. Ол тұста Бекболат Тілеухан туған жері Жаңарқаның жаңадан құрылған Ұлытау облысының құрамына кіргенін қуана, құптап жазады.

ДЕРЕККӨЗ НЕ ДЕЙДІ

Ulysmedia.kz порталына келіп түскен дереккөзге сәйкес, Бекболат Тілеухан Түркияға үшінші әйелі Жанар Тапеновамен бірге кеткен. Одан алты баласы бар. Ыстанбұл қаласында бұл күнде олар балаларымен бірге сатып алған пәтерінде тұрады.

Жанар Тапенова Түркияға кетер алдында жақын туысының біріне өзіне тиесілі астананың сол жағалауындағы көпқабатты үйдегі екі пәтер мен Шұбар ауданындағы жер үйді сатуды тапсырып кеткен.

Ыстанбұлда жүрген кезде Оразада Бекболат Тілеухан сондағы қандастарды жинап, ауызашар берген. Түркия президентінің ұлы Біләл Ердоғанмен кездескен. Экс-депутат әзірге Қазақстанға қайтпайтын секілді. Себебі ерлі-зайыпты Түркия азаматтығын алуға өтініш берген. Әзірге олар сонда ықтиярхатпен тұрып жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары