$ 444.32  473.33  4.76

«Отағасы АӘК-ке қарап отырмай, ақша табуы керек» - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі

«Адамдар 150 мың, 200 мың айлық береміз дейді, бірақ, ешкім табылмай жатыр. Өйткені, АӘК алатын кей адамдар әдейі бас тартады», - дейді ол.
фото: 24.kz
фото: 24.kz

Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары Ержан Жылқыбаев көпбалалы және табысы аз отбасыларды нәтижелі жұмыспен қамтуға тартудың жаңа тәсілдерін енгізу туралы айтып берді, деп хабарлайды baq.kz.

«Негізі АӘК – уақытша шара. Адамға өмірдің қиын сәттерінен аман-есен өтіп кетуіне арналған көмек. Ол өмір бойы беріліп отыратан зейнетақы немесе айлық емес. Оған уақытша көмек деп қарау қажет. Сондықтан біз осы жайттарды түсіндіріп жатырмыз. Жұмыспен қамтудың түрлі жолдарын көрсетудеміз. Адам тұрақты түрде жұмыс істеуі керек, әсіресе, отағасы. Ол АӘК-ке қарап отырмай, өз жанұясына жауапкершілікпен қарап, ақша табуы керек», - деді Ержан Жылқыбаев.

Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде 38 мың бос жұмыс орны бар. Ол жердегі айлық 62 мыңнан басталып, 480 мыңға дейін жетеді.

«Мысалы, қазір құрылыс саласындағы мамандарды таба алмай отырмыз. Халқы көп болғандықтан, АӘК-ті көп алатын Түркістан облысына тоқталайық. Түркістан қаласында көптеген құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жұмысшы мен құрылысшылар жоқ.

Адамдар 150 мың, 200 мың айлық береміз дейді, бірақ, ешкім табылмай жатыр. Өйткені, АӘК алатын кей адамдар әдейі бас тартады. Сол себепті, биылдан бастап ережені өзгертіп, жаңа тәртіп енгіздік. Сондықтан «жұмыс істемесең, АӘК төленбейді» дегенді естіген адамдар АӘК-тен ақырындап бас тартып жатыр. Енді кейбіреуі жұмыс тауып, кейбіреу істеп те жатыр», - деді вице-министр.

Оның сөзінше, міндетті көмек тек аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, сонымен қатар, балаларға арналған әлеуметтік пакет еш жағдайға қарамастан беріліп тұрады.

«Отбасында екі адам бар делік, бәрінің дені сау және жұмыс істей алады. Оларға жұмыс ұсынамыз, ал адамдар бірден бас тартады. Біз оларға кез келген жұмысқа бар демейміз ғой. Себебі, біліктілік немесе білім сияқты талаптары бар. Олар сондай нақты жұмыс ұсынып тұрғанымызды көріп, бұрылып кетіп қалады.

Тіпті, олардың кейбіреуі жұмыс та істейді, бизнеспен айналысады. Алайда, жасырады. Сондықтан жаңа шарттар пайда болғаннан кейін АӘК-ке құжат тапсырушылар саны азайды. Көмек сұрап тек расымен мұқтаж жандар келеді», - деді Ержан Жылқыбаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары