Ханша есімді мыстан «Астарлы ақиқат» бағдарламасында қонақ болды. Студияға келген ол алдымен шыны табақшаны сындырды. Өзімен бірге суық қаруын ала келді. Бұны көпшілік түсіне алған жоқ. Ал кадр сыртында түсірілген видеода ол өзінің адамдарға көмекке келгенін айтады.
«Анамның құрсағында жатқанда мені екі орыстың кемпірі шоқындырған», - деп бастады сөзін.
«Олар менің келгенімді күтті. Маған «Сен бір қолыңмен ем бересің, бір қолыңмен жамандық бересің», - деді. Мен ешкімнен қорықпаймын. Керісінше, менен қорықсын. Елде балаларды санамағанда, 21 млн халық бар. Оның бірі мені қолдайды, бірі жамандайды. Құдайға табынатындар мен туралы жақсы нәрсе айтады. Мен туралы жаман нәрсе айтатындар – тозаққа баратындар. Мен әр пікірді қарап отырамын. Мені сөгетіндердің суреттері керек емес маған. Мен түнде сол адамға барып, жанын аламын», - деді ол.
Мыстан Ханша қолындағы пышақты қорғану үшін алып жүретінін айтты.
«Пышақпен адам өлтіруге де болады, нан кесуге де болады. Бұл – менің қорғаным. Пышақты базарлардан сатып аламын. Түнде дастарханға ас қалдыруға болмайды. Егер ашық тамақ қалдырсаңыз, біз, періштелер, шайтандар барып, соны жейміз. Ашық қалған тамақты түнде жеуге болмайды», - дейді Ханша.
Айтуынша, үйдегі үстелдің өзі дөңгелек болуы тиіс. Егер төртбұрышты болса, онда адамдар жекеленіп кетеді. Үйде береке болмайды дейді ол.
«Құдай мені жаратты. Бірақ, ол маған аздап қатаң қарайды», - деді Ханша. Әр нәрсенің басын шалған әйелдің сөзін түсінбеген желі қолданушылары түрлі пікір жазды.
«Бұл кім өзі? Не айтып отыр? Адамның жанын алатын сен кімсің?», «Психикасы дұрыс емес немесе ішінде жыны бар адам, емделу керек», «Қазір өзін әулие санайтындар көп» дейді желідегілер.
Айта кетсек, бұған дейін Қытайда тараған індетті (коронавирус) екі жыл бұрын «болжаған» көріпкел, оның «емін тапқан» емші және Қырғыз елінен шыққан «Құдай» туралы жазған болатынбыз. Енді мына «мыстан» түнде қасыңнан табыламын деп отыр.
Дереккөз: Stan.kz