Өскемен қалалық Полиция басқармасының қызметкері, полиция сержанты Татьяна Богомолова ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, өзінің қазақ жігітіне тұрмысқа шыққысы келетінін жасырмады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
1997 жылы ШҚО Глубокое ауданында, таза орыс отбасында дүниеге келген Татьяна алдына көмек сұрап келгендермен екі тілде бірдей еркін сөйлеседі. Сондай-ақ, ол Абайдың қара сөздерін жатқа айтып, ұлттық тағамдарымызды тіл үйіретіндей етіп әзірлейді екен.
«Орысша оқысам да кішкентай кезімнен қазақ мектебінің оқушыларымен бірге ойнап, етене араластым. Сол құрбы-достарымнан тіл үйрендім. Мектеп қабырғасында жүргенде «Абай жолы» сайысына қатысып, ұлы ақынның 16 қара сөзін жатқа айттым. Қазақ тілі пәнін әр жылы 5-ке бітірдім. Колледжде де сан-алуан сайыстарға барып, тапсырмалар орындап, өлең оқыдым. Алған мадақтама қағаздарым, Алғыс хаттарым бар», - дейді ол.
Айтуынша, полиция сержанты қауырт жұмыстан қолы қалт еткенде таза ауада серуендегенді, кітап оқығанды және музыка тыңдағанды ұнатады екен.
«Эстрада жұлдыздарынан Қайрат Нұртасты, Ернар Айдарды, Төреғали Төреәліні, Мәдина Садуақасованы, Қуандық Рахымды тыңдаймын. Ең сүйікті әнім – Понти Жорабековтің «Сүйем сені» әні», - дейді Татьяна.
Сұхбат барысында «Қазақ халқының салт-дәстүрлерінен хабардарсыз ба?» деген сұраққа өскемендік ару: «Әлбетте. Қазақ халқының мәдениетіне, салт-дәстүріне қызығамын. Болашақта қазақ жігітіне тұрмысқа шыққым келетінін де жасырмаймын. Қазақ шаңырағына келін болып түскім келеді. Той алдында дәстүрге сай сырға салу болғанын қалаймын.
Жан жарыммен үлкен отбасы болып, тату-тәтті ғұмыр кешсек, одан асқан бақыт бар ма? Үйге қонақтар жиі келіп тұрса, бәрін құшақ жая қарсы алатын едім. Болашақта балаларымның екі тілді жетік меңгергенін қадағалаймын», - деп жауап берген.