Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек бойынша өтінішті қарау мерзімін өзгертті. Себебі, өтініш бір адамнан бірнеше рет қайталанып келу жағдайы көп кездеседі екен.
Мәселен, 8 сәуір түнгі сағат 11-дегі жағдай бойынша 3,1 млн хабарламаның 1,3 млн-ы қайталанып түскен.
Министрліктің хабарлауынша, келіп түскен барлық өтініш түрлі ақпараттық деректер қорында бірнеше параметр бойынша мұқият тексеруден өтеді. Оның ішінде:
адамның аты-жөні;
ЖСН;
банк шотының нөмірі;
жұмысына қатысты мағлұматтар және т. б.
Ведомствоның хабарлауынша, 42 500 теңге әлеуметтік төлем алу бойынша талапқа сай келмейтін азаматтардан да жиі өтініш түскен. Бүгінге дейін осыған ұқсас 405 мыңнан астам жағдай анықталған. Олар:
❌ жұмыс істейтін;
❌ дұрыс емес банк шоттары немесе бөгде біреудің жарамсыз банк шоттарын беру;
❌ марқұм болып кеткен адамдардың атынан түскен өтінімдер;
❌ шетелде тұратын тұлғалардың атынан берілген өтінімдер;
❌ әлеуметтік сақтандыру жүйесіне ешқашан қатыспаған, оған қаражат аудармаған азаматтар да бар.
Бастапқыда өтінішті қарап, деректерді тексеру мерзімі 7 жұмыс күні деп белгіленген еді. Енді төлемдерді тезірек жүргізу үшін өтінішдерді қарау мерзімі 3 жұмыс күніне дейін қысқартылды.
«Азаматтардан 3 жұмыс күнінен соң төлемді тағайындау туралы хабарлама алмаса, алаңдамауды сұраймыз. Әр өтініш бойынша ақпарат тексерілгеннен кейін міндетті түрде өтінім жолдаушыға қабылданған шешім туралы хабарланады», - делінген хабарламада.
Дереккөз: Азаттық рухы