Қазақстандықтарға әмбебап әлеуметтік ID-карталар таратылады. Әрбір азаматқа, соның ішінде оқушылар мен зейнеткерлерге берілетін карталар тегін болмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әмбебап картаны енгізу ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ жүзеге асыратын «Қазақстан азаматының әлеуметтік ID» жобасы аясында жүргізіледі. Жоба Ақтөбе қаласында сәтті сынақтан өтті, енді оны еліміздің барлық өңірлерінде енгізу басталды. Картаны 2020 жылдың соңына дейін таратып біту жоспарланған.
ID картаны барлық қазақстандықтар ала алады және ол тегін болады. Бірінші кезекте олар зейнеткерлерге, мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрін алушыларға, сондай-ақ оқушыларға беріледі. Карта берумен «Қазпошта»АҚ айналысады. Әмбебап картада бірқатар мемлекеттік қызметтер біріктіріледі: зейнетақы мен жәрдемақы алу, қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлеу, сауда, медициналық және басқа да желілердегі тауарлар мен қызметтер үшін есеп айырысуға болады.
Бұдан бөлек, жол жүруге 50% жеңілдік, шипажайда демалуға 100% өтемақы алу мүмкіндігі бар. Бұл ретте картаға «мақсатты бақылау» деп аталатын жүйе енгізілмек. Бұл, мемлекеттің заттай жеңілдіктердің орнына ақшалай берілетін қаражаттың (мысалы, балалар тағамы, қалалық көлікте жүру) басқа мақсаттарға жұмсалмауын қадағалау үшін қажет. Айта кетейік, «Қазпочта» АҚ бөлімшелерінің кассаларында жәрдемақы мен зейнетақы алудың баламалы тәсілі алдағы жылдары сақталатын болады. Үкімет шешіміне сәйкес әмбебап картаға толық көшу 2023 жылға қарай аяқталуы тиіс.
«Әртүрлі нұсқалар қарастырылды, соның ішінде NFС технологиясы бар QR-кодтар мен смартфондарды пайдалану болды. Алайда, мұндай шешімдер белгілі бір қиындықтарға байланысты қабылданбады. Біріншіден, көптеген зейнет жасындағы азаматтар смарт-құрылғыларды толық қолдана алмайды. Екіншіден, барлық өңірлердің тұрғындары интернетпен қамтылмаған. Сондықтан ID картаны – онлайн және офлайн пайдалана алу үшін пластикалық карта түрінде шығару туралы шешім қабылданды. Барлық азаматтар оны қалай пайдалану керектігін біледі», - дейді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мүгедектікті белгілеу және әлеуметтік қызметтерді көрсету бойынша АЖ дамыту және сүйемелдеу департаменті директорының орынбасары Әлішер Елубаев.