$ 448.15  483.46  4.86

«Ауру күннен-күнге көбейіп жатыр»: Түркістанның іргесіндегі ауыл тұрғындары дабыл қақты

Жергілікті биліктен үміт үзген тұрғындар қаражат жинап, көшелерді өздері дәрілеп шыққан.
фото: видеодан скриншот
фото: видеодан скриншот

Түркістанның іргесіндегі Нұртас Оңдасынов ауылындағы жұрт тұтастай елді мекен халқын медициналық тексерістен өткізуді сұрайды. Себебі, коронавирус жұқтырған науқаспен байланыста болғандардың саны артып келеді. Оған қоса, елді мекенде залалсыздандыру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді екен, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

«3 сәуір күні індет таралуына байланысты толық карантинге жабылып, оқшаулады. Содан бері ауылда ешқандай дезинфекция жұмысы болып жатқан жоқ. Тек сол шыққан үйлерді ғана келіп, дәрілеп кетті. Ал ауру күннен-күнге көбейіп жатыр. Байланыста болғандар көбейіп жатыр. Міне, алдыңғы күні 17 адам, кеше де 20 адам әкетті», - дейді ауыл тұрғыны Қалдарбек Бейсенов.

Бір аптадан бері 1300 тұрғыны бар Нұртас Оңдасынов ауылы қоршауда. Бекеттен ешкімді өткізбейді. Өйткені, төрт адамнан Сovid-19 вирусы табылған. Бірақ, мұндағы жұрттың карантиндік шараға мүлдем көңілі толмайды.

Біріншіден, жауаптылар эпидемия кезінде міндетіне салғырт қарап отыр дейді. Екіншіден, ауылда жедел жәрдем көлігі жоқ. Жергілікті биліктен үміт үзген тұрғындар қаражат жинап, көшелерді өздері дәрілеп шыққан. Ал билік өкілдерінің мәліметінше, күні бүгінге дейін індет ошағы ретінде тіркелген 37 үйдің ауласы залалсыздандырылған.

Кентау әкімдігінің өкілдері ауылға тұрғындар телеарнаға шағым түсірген соң ғана ат басын бұрған. Ресми мәліметке сүйенсек, қазір 52 адам – Түркістан қаласында. Бұдан өзге, ауылдағы 205 адам дәрігерлердің бақылауында.

«Қазір бізде барлық адамды жаппай тексертетін ешқандай мүмкіншілік жоқ. Бізде өзіміздің медицинамызда бекітілген қаулылар бар. Ол қаулыларға сәйкес, тек ошақ болған жерде, байланыста болған адамдарды ғана тексеруге аламыз. Нұртас ауылында 230 үй бар болса, оның 37-сі қазір бақылауда», - дейді Кентау қалалық емханасының бас дәрігері Жанат Тоғайбекова.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары