Экономист әрі жаңадан құрылған Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Мұхтар Тайжан Facebook-парақшасында өзін сынағандарға жауап берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
«Сендердің қолдарыңнан түк келмейді» деп сынаудың орнына, Ұлттық кеңестегі жұмысымызға сәттілік тілегендеріңіз жөн болар еді. Біз бөтен алаңдағы келіссөзде әртіс болу үшін емес, осы жерде жылдар бойы жазған ойларымызды қорғау мақсатында барамыз. Біз билікпен диалог құруды талап еттік емес пе? Енді не боп қалды?», - деп жазды ол Facebook-парақшасында.
Сондай-ақ, ол Кеңес жұмысы нәтижелі болатынына сенім білдірді.
«Арман Шораев, Айман Омарова, Жеміс Тұрмағамбетова, Мұрат Абенов, Бақытжан Бұқарбай, Қазыбек Иса, Жәнібек Қожық, Даурен Қуат, Мусин Бағдат, Сейдахмет Құттықадам, Саясат Нұрбек, Қанат Нұров, Айгүл Орынбек, Ерлан Саиров, Ермек Тұрсынов барлығымыз өз сөзімізден айнып, қуыршақ немесе әртіс болады деп ойлайсыз ба? Жоқ, әрине. Біз ол жақта ортақ құндылықтарымызды қорғаймыз. Тіпті, нақты нәтижеге жететінімізге сенімдімін», - деді экономист.
Сонымен қатар, Мұхтар Тайжан желі қолданушылардан Ұлттық кеңесте көтерілетін мәселелерді талқылауға шықырды.
«Қазір бізде дайындалуға уақыт бар. Сондықтан Ұлттық кеңесте көтеретін мәселелердің тізімін дайындағанымыз дұрыс. Беріліп тұрған мүмкіндіктерді пайдалану қажет», - деп аяқтады жазбасын ол.
Еске салайық, бұған дейін кәсіпкер, қоғам белсіндісі Марғұлан Сейсембай Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына неге енбегенін түсіндірген болатын.
Сондай-ақ, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына кімдер кіргенін жазғанбыз.