$ 498.34  519.72  4.85

Тоқаевтың Көк-Жайлау мәселесіне қатысты шешіміне БҰҰ өкілі қолдау танытты

«Бұл тұжырым Қазақстанның ашық және өз азаматтарының белсенді рөліне негізделген шешімдер қабылдау ұстанымын ілгерілетуге бейілділігін көрсетеді», - деген БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ольга Алгаерова.
фото: tengrinews.kz
фото: tengrinews.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Көк-Жайлау жобасын жүзеге асыруға тыйым салуы БҰҰ тарапынан да қолдау тауып отыр. Бұл туралы бүгін президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Мемлекет басшысының атына БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Ольга Алгаерованың хаты келіп түсті. БҰҰ-ның мәртебелі өкілі Көк-Жайлау шатқалындағы тау-шаңғы курортының құрылысына қатысты шығарылған шешімге қолдау білдіретінін жеткізген», - дейді Берік Уәли.

Ал БҰҰ өкілі хатта: «Сіздің «барлық шешімдерді қабылдау кезінде халықтың ой-пікірін ескеріп, қоғамдық тыңдаулар жүргізу керек және қабылданатын іс-шаралардың мән-маңызын азаматтарға жан-жақты түсіндіру қажет» деген сөзіңіз маған ерекше әсер етті. Бұл тұжырым Қазақстанның ашық және өз азаматтарының белсенді рөліне негізделген шешімдер қабылдау ұстанымын ілгерілетуге бейілділігін көрсетеді», - деген.

Енді президент баспасөз хатшысының айтуынша, Мемлекет басшысының шешімі әлем қауымдастығы тарапынан «қоғамның алаңдаушылығын ескеріп жасалған тиімді ұйғарым» ретінде ғана емес, еліміздің экология саласындағы халықаралық міндеттемелерді, соның ішінде Орхус конвенциясының қағидаттарын берік ұстануы ретінде қабылданғаны өте маңызды.

«Аталған халықаралық ұйым елдің дамуына қолдау көрсету үшін Қазақстанмен тығыз жұмыс істеуге ниет танытып отыр. Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан еліміздегі және өңірдегі экология мәселелерін шешу, жасыл экономиканы қалыптастыру, тұрақты дамуды қамтамасыз ету бағытында БҰҰ-мен және оның құрылымдарымен жемісті ынтымақтастықты нығайта беретініне баса мән бергенін атап көрсеткім келеді», - дейді Берік Уәли.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары