$ 443.35  475.54  4.82

«Әйелше сөйлестік»: Сандуғаш Тұрлыбекова «ханның қызының» қабылдауынан риза болып шықты (ВИДЕО)

«Бірақ, анау әкімнің жан-жағындағы жүгіріп жүретін кісілердің неге олай алақ-жұлақ етіп жүретініне таңым бар», - дей салды ол, әйтеуір бір шенеунікке тиісу керек болған соң.

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова карантин шектеулерінің жеңілдетілуіне байланысты түрлі азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті. Оның ішінде өзін «ханның қызы» атап кеткен атышулы қоғам белсендісі Сандуғаш Тұрлыбекова да бар, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ол туралы ақпарат Қызылорда облысы әкімдігінің Facebook-тегі парақшасына жарияланды.

«Кездесуде азаматтар өңір басшысына толғандырып жүрген мәселелерін жеткізді. Атап айтсақ, Шиелі ауданының тұрғыны, 1 топ мүгедегі Тамара Ақмағамбетова мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін көтеріп, оның ішінде аудандағы инватаксидің талапқа сай еместігі туралы шағымын білдірді. Аймақ басшысы Т. Ақмағамбетованың шағымын назарға алып, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Т. Дүйсебаевқа тиісті тапсырмалар берді және орындалу барысын баяндауды тапсырды», - делінген ресми ақпаратта.

Сондай-ақ, Жаңақорған ауданының тұрғыны, көп балалы ана, «Ақжүніс» аналар қоғамының Қызылорда облысы бойынша өкілі Сандуғаш Тұрлыбекова аудандағы көпбалалы және жалғызбасты аналардың жағдайын қозғап, әлеуметтік көмектер көрсетуге байланысты өтінішін жеткізген. Облыс әкімі ол мәселелерді шешу жолдарын қарастыруды аудан әкімдігіне тапсырды. Басқа да азаматтардың талап-арыздарымен танысып, бәрін реттеуді уәде етіпті.

Әрине, бұл ретте үнемі әлеуметтік желі арқылы елді бір дүрліктіріп алуды ойлап жүретін Сандуғаш Тұрлыбекова сол кездесу туралы Facebook-тегі өз парақшасына көлдей жазба қалдырды.

«Бүгін 21.08.2020 жылы облыс әкімі Г. Әбдіқалықованың қабылдауында болдым. Жеке басымның және де басқа да кісілердің маған шағым айтып жүрген мәселелерінің шешілуін сұрадым. Орындауға тиісті мекеме басшыларына тапсырма берді. Әкиматқа кірер уақытта «ана есікке бар, мына есікке бар» деп біраз атдігідік шапқыладық. Әкім ханыммен «еркекпен еркекше сөйлестік» дегендей, «әйелмен әйелше сөйлесіп», біраз болған жайттардың басын шештік.

Әкім ханым не үшін мені тыңдамай машинаға мініп кеткен себебін, мен не үшін алдынан шыққанымды ашық түрде айттық. «Ханның қызы» деген сөз де ауызымнан не үшін шыққан себебін, ащы болса да шындығын жеткіздім. Өзімнің 2 жылдан бері қоғам белсендісі болғалы неше түрлі әкімшілік істерге тартылып жатқанымды айттым. Алдағы уақытта мен өтініш еткен мәселелер шешілер деп ойлаймын. Өтінішімді жазбаша да тастадым. Егерде соттың шығарған қаулысы – айыппұлдарым мен 6 айға қойылған шара тоқтатылмаса, астанаға Тоқаевқа барамын. Мен өзімнің құқығымды қорғауға тиістімін.

Аналарға қатысты, денсаулық сақтау басқармасына, облыстық собеске байланысты да сұрақтарымды қойып, тиісті жауабымды алдым. Ол мәселелер де шешімін тапса дұрыс болар еді. Облыс әкімі маған әрқашан менің жазып, айтып жүрген мәселелерімнің шешімін табуға болатынын да айтты, алдағы уақытта ауданға барғанда да қабылдап отырамын деп уәде етті» деп жазды ол.

Өңір әкімімен бетпе-бет кездескеннен кейін оған қатысты «пікірі өзгерген» қоғам белсендісі енді Әбдіқалықованың қарамағындағы қызметкерлерін жаманатты ете бастады.

«Сонымен, әкім ханымның қабылдауында болу сәтті өтті. Бірақ, анау әкімнің жан-жағындағы жүгіріп жүретін кісілердің неге олай алақ-жұлақ етіп жүретініне таңым бар. Ол кісілерге айтарым, әкім де, президент те, депутат та барлығы өзіміз сияқты адам ғой. Шыли анандай болып жүгіре бермеңіздерші. Біз өтінішімізді айтуға барып тұрмыз, адам ұрлауға емес. Ашықтық пен қарапайымдылық басшылардың мерейін үстем қылады, осыны ұмытпағайсыздар! Барған есіктен кіргізу керек еді, бізді алаөкпе қылып шөп пен топырақты аралатып жүгірткенше, осы жері ыңғайсыздау болды. Аман болыңыздар!» - дей салған, өзінің «әкімдікпен алысып жүрген мықты» екенін көрсетерге басқа ләж таппаған Сандуғаш Тұрлыбекова.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары