$ 494.87  520.65  4.91

А.Мұхамедиұлының «құны» — 1 теңге?

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзін «откат» алды деп айыптаған кинорежиссер Талғат Жәнібековті сотқа берді. Бұл туралы «NewTimes.kz» порталы хабарлап отыр.

Министрдің қорғаушысы Ескендір Әлімбаевтің айтуынша, А.Мұхамедиұлының талап-арызы сотқа 19 шілде күні өткізілген.

«Өзінің конституциялық құқығын пайдалана отырып, 2016 жылдың 19 шілдесінде Мұхамедиұлы сотқа шағымданды және өзінің ар-ожданы мен іскерлік репутациясын қорғауды талап етті. Өз талабында А.Мұхамедиұлы бұған дейін айтылған әңгімені жоққа шығарып, моральдық залал келтіргені үшін айыпталушыдан 1 теңге көлемінде символикалық өтемақы беруін талап етті», — дейді адвокат.

Е.Әлімбаевтің айтуынша, Жәнібековтің жариялаған бейнеүндеуінде Қазақстан Республикасының билігіне де кір келтірілген. Ол билік өкілдерін А.Мұхамедиұлының заңсыз әрекеттеріне көз жұма қарап отыр деп айыптайды. «Жәнібеков таратқан роликте айтылған Қазақстан Республикасының билігі, Мәдениет және ақпарат министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы туралы деректер шындыққа жанаспайды», — дейді Әлімбаев.

Естеріңізге салайық, режиссер Талғат Жәнібеков осыдан бірнеше күн бұрын Мәдениет министрін «откат» сұрады деп айыптап, БАҚ өкілдері арқылы бейнеүндеу жариялаған еді. Ол өзінің «Феникс» фильмін соңына дейін түсіріп бітіруге Мұхамедиұлының кедергі келтіріп отырғанын ашық айқан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары