$ 444.14  477.05  4.85

Қазақ жігіті UFC нұсқасы бойынша әлем чемпионын жекпе-жекке шақырмақ

Аралас жекпе-жек бойынша түрлі нұсқалардағы әлем чемпионы қазақстандық Қанат Досмағамбетов UFC нұсқасындағы әлем чемпионын Астанаға жекпе-жекке шақырмақ. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Панкратион» күресінен Азия федерациясының президенті Эрик Асенов айтты, деп хабарлайды «Қазақпарат».

Оның айтуынша, Қ. Досмағамбетов 31 тамызда Лас-Вегаста (АҚШ) өтетін UFC нұсқасындағы экс-чемпион бразилиялық Ренан Барао мен қазіргі чемпион АҚШ-тық Ти Джей Диллашоу арасындағы жекпе-жекте анықталатын жеңімпазбен Астанада күш сынасатын болады.

«Біз 31 тамыздағы жекпе-жекте кім жеңетінін күтеміз. Сосын 61 келі салмақтағы UFC чемпионын ресми түрде жекпе-жекке шақырамыз. Бұл кәсіби спорт, онда көп мөлшерде сыйлық қоры болады. Сондықтан ондай қаражаттан ешкім бас тартпайды. Ал бізде ондай сыйлық көлемін қоюға көмек көрсететін демеушіміз бар. Біз қарсыласты Астанаға әдейі шақырып отырмыз. Бұл жекпе-жек ЕХРО-2017 көрмесі қарсаңындағы елордамызға жасалған жақсы жарнама болады», - деп атап өтті ол.

Асеновтің айтуынша, Қ. Досмағамбетов 25-27 шілдеде Бурабай курорттық аймағында өткен ХІҮ дәстүрлі халықаралық «Бурабай-Панкратион-2014» аралас жекпе-жек турнирінде чемпион атанып, өзінің әлемдік деңгейге шығуға толықтай мүмкіндігі бар екенін тағы да бір дәлелдеді. Айта кетейік, Қ. Досмағамбетов бұған дейін төрт рет әлем чемпионы атанған. 21 жастағы спортшы аралас жекпе-жекпен 12 жасынан бері айналысады. Жеке бапкері - аралас жекпе-жектен 9-дан иегері Саят Ержанов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары