$ 470.46  543.1  5.86

Төрехан Сабырхан қытайлық қарсыласын нокаутпен жеңіп, финалға шықты

6 сәуір күні өткен жартылай финалда ол Қытай өкілі Ван Пэйчэнмен кездесіп, қарсыласын үш рет нокдаунға жіберді.

Фото: Бокс федерациясы
Фото: Бокс федерациясы

Моңғолия астанасы Ұланбатырда өтіп жатқан бокстан 2026 жылғы Азия чемпионатында қазақстандық Төрехан Сабырхан (70 келіге дейін) финалға жолдама алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

6 сәуір күні өткен жартылай финалда ол Қытай өкілі Ван Пэйчэнмен кездесіп, қарсыласын үш рет нокдаунға жіберді. Екінші раундта төреші жекпе-жекті тоқтатып, отандасымыздың техникалық нокаутпен жеңгенін тіркеді.

Осылайша, Төрехан Сабырхан құрлық біріншілігінің финалында алтын медаль үшін бақ сынайды. Азия чемпионатының ерлер арасындағы финалдық жекпе-жектері 9 және 10 сәуір күндеріне жоспарланған.

Төрехан Сабырхан бұған дейін жарысты ширек финалдан бастап, Тәжікстан өкілі Шамшер Саидовты 4:1 есебімен жеңген болатын. Сол жеңістің арқасында кем дегенде қола жүлдені қамтамасыз еткен еді.

Қазақстан құрамасы бұл Азия чемпионатында жалпы 13 жүлдені қамтамасыз етті. Ерлер арасында Махмұд Сабырхан, Оразбек Асылқұлов, Ертуған Зейнуллинов, Төрехан Сабырхан, Сабыржан Аққалықов, Нұрбек Оралбай, Сағындық Тоғамбай және Айбек Оралбай жартылай финалға шықса, әйелдер арасында Айгерім Сәттібаева, Бақыт Сейдіш, Валентина Хальзова, Надежда Рябец және Дина Исламбекова жартылай финалда бақ сынады.

Айта кетейік, Төрехан Сабырхан 2025 жылы Англияның Ливерпуль қаласында өткен World Boxing аясындағы ересектер арасындағы әлем чемпионатында топ жарған. Төрехан Сабырхан 2006 жылғы 13 ақпанда дүниеге келген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0