Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Чили астанасы Сантьягодағы алғашқы жеке концерті аншлагпен өтті. DIMENSIONS әлемдік туры аясында ұйымдастырылған кешке мыңдаған көрермен жиналып, қазақстандық өнер иесін зор қошеметпен қарсы алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
24 қарашада Сантьягодағы ең ірі концерт алаңдарының бірі — Santander Arena-да өткен концерт Латын Америкасындағы турдың айтулы оқиғасына айналды. Бұған дейін Мексика мен Колумбияда өнер көрсеткен әнші бұл жолы Чили жұртшылығының ыстық ықыласына бөленді, деп жазды Dimashnews.kz.
Кеш бойы көрермен әншінің әрбір өнеріне ду қол шапалақтап, оның есімін ұрандап, әндерін бірге шырқады. Залдағы жұрт орындарынан тұрып ән айтып, би билеп, сахнадағы әр сәтке белсенді үн қосты. Көрермен мен өнер иесінің арасындағы ерекше байланыс концерттің өн бойында сезілді.
Концерт бағдарламасының үштен екіге жуығын Димаштың өзі жазған шығармалары құрайды. Сонымен қатар ол белгілі композиторлардың туындыларын және қазақтың халық әндерін заманауи музыкалық өңдеуде орындады.
Бұл жолғы бағдарламаның жаңа туындыларының бірі — «Release My Soul» әні. Оны Димаштың інісі, жас композитор Әбілмансұр Құдайберген жазған. Ширақ ырғақ, есте қаларлық әуен, әсерлі вокал мен әсем хореография үйлескен шығарма көрерменнің ерекше ықыласына ие болды.
Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі «The Story of One Sky» әні орындалғанда болды. Димаштың чилилік жанкүйерлері осы шығармаға арнап флешмоб ұйымдастырды. Мыңдаған көрермен ақ жалаушалар көтеріп, залды ақ түске бөледі. Бұл бейбітшілік, ізгілік пен бірлікті дәріптейтін әннің мазмұнымен үндескен ерекше көрініс болды.
Чили жұртшылығының ыстық ықыласы әншінің өзін де толқытты.
— Қымбатты достар! Сіздердің алдарыңызда өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе. Қатты толқып тұрмын. Бізді бір үлкен отбасының мүшесіндей қабылдадыңыздар. Сіздерге мың алғыс! — деді Димаш көрермендерге.
Концерттің соңы да ұмытылмас сәттерге толы болды. Қорытынды әннен кейін көрермен әншіні сахнадан жібергісі келмей, оның есімін хормен қайталап, қол соғуын тоқтатпады. Көпшілік Димашпен бірге ән айтып, қошеметін ұзақ уақыт білдірді.
Сантьягодағы аншлаг қазақстандық әншінің әлемдік деңгейдегі танымалдылығын тағы бір мәрте дәлелдеп, оның шығармашылығына Латын Америкасында да зор қызығушылық бар екенін көрсетті.