$ 494.87  520.65  4.91

ОҚО прокуратурасы кәсіпкердің құқын қорғап шықты

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің ОҚО бойынша Департаментінің мамандары  «Дарья су» ЖШС-ге қатысты екі қаулы қабылдап, әкімшілік жауапкершілікке тартып, жалпы 1 109 920 теңге (әр қаулы бойынша 554 960 теңге) көлемінде айыппұл салады. Қаулы «Дарья су» ЖШС  шаруа қожалықтарын ағын сумен қамтамасыз ету барысында бекітілген тарифтен жоғары бағада су сатып, заңсыз 12 734, 31 мың теңге артық табыс тапқан, сумен жабдықтау туралы тұтынушылармен түзілген келісім-шарттары үкімет қаулысымен бекітілген үлгі шартқа сәйкес келмейді деген негізбен  қабылданған.

Алайда, прокурорлық тексеру барысында аталған қаулыларды қабылдау барысында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің талаптары өрескел бұзылғаны анықталған.  Біріншіден, серіктестік тарапынан әкімшілік құқық бұзушылық жасау фактісі анықталғаннан кейін хаттама тек екі айдан астам уақыт өткен соң ғана толтырылған. Екіншіден, хаттамаларда серіктестіктің банк деректемелері, телефон, факс, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі және (немесе) электрондық мекен-жайы көрсетілмеген. Үшіншіден, департамент тарапынан қабылданған қаулыларда заңды тұлғаның банк деректемелері көрсетілмей, Кодекстің 822 бабының 1 бөлімінің 3 тармағы бұзылған.

Департамент серіктестікке қатысты  қаулы қабылдауға Мақтаарал ауданы Ынтымақ аулдық округі әкімдігінің мәліметі негіз болған деп тұжырым берген.  Алайда аталмыш аулдық округі әкімдігінің қызметкерлері департамент қызметкерлерінің мұндай ақпаратты сұратпағандығын, табыстамағандығын көрсеткен.

Прокурорлық тексеру барысында департамент басшылыққа алған мәліметтің шыңайылығы Мақтаарал аудандық статистика басқармасындағы ақпаратпен салыстырылған. Нәтижесінде бірқатар қарама-қайшылықтар анықталған.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 840-бабының 3-тармағында процестік нормалардың елеулi түрде бұзылуы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулының күшiн жоюға не оны өзгертуге негіз болатыны көрсетілген. ОҚО прокуратурасы осыған сәйкес департаментке  аталған заңсыз қаулылардың күшін жою және алдағы уақытта ұқсас заң бұзушылықтарға жол бермеу туралы прокурорлық акті енгізді.

Осы актілерді қарау нәтижесінде «Дарья су» ЖШС-ге айыппұл салу туралы қаулылардың күші жойылып, департаменттің заң бұзушылықтарға жол берген екі қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары