Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/3 мекемесіндегі сотталушы үйленіп, АХАТ қызметкерлері ерлі-зайыптыларға «Неке қию туралы куәлігін» салтанатты түрде табыс етті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Түзету мекемесінде жазасын өтеуші жаңа жылда отбасын құрды. Бұл – әр адам үшін оның өміріндегі маңызды оқиға. Жазасын өтеп жүргендердің дұрыс жолға түсуіне де түрткі болып, ынтасын оятады. Олар тезірек жазасын өтеп шығу үшін тәртіпті бұзбайды, отрядтың қоғамдық өміріне белсене араласады», - дейді СҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ЕС-164/3 мекемесінің бастығы Тамерлан Валиев.
Жалпы, СҚО-да ЕС-164/1,3,6,8 түзету мекемелері бар. Былтыр бұл мекемелерде жазасын өтеушілердің 13-і үйленіп, «Неке қию туралы куәлігін» алған. Қадамын бір рет шалыс басқан олар енді жазасын өтеп шыққан соң бостандықта өз отбасын құрып, бала сүюден үмітті.