$ 494.87  520.65  4.91

Әнші Уатхан Заханқызын зорламақ болған қылмыскер сотталып жатыр

«Егер жігіттің тұрмыстық жағдайы нашар болса, түсінер едім. Медеу ауданындағы байлардың қалашығында коттеджде тұрады. Қымбат джип мінеді. Яғни, жоқшылықтан, жетіспеушіліктен әйелдерді тонамайды», - дейді әнші.

Әншінің басына түскен сұмдық оқиға биыл 11 қаңтарда болған еді. Арада 7 ай өткен соң ғана қаскөй тиісті жазасын алды. Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының судьясы Ш. Бимұханов 1981 жылы туған Айдар Мусинді ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша айыпты деп тапты.  Ал өзін зорламақ болған еркектен әрең құтылған жәбірленуші Уатхан Заханқызы іс әлі соңына жеткен жоқ деп отыр, деп хабарлайды azattyq-ruhy.kz.

«Бұл іс өте ұзаққа созылды. Сот онлайн жағдайда өтті. Мені тонаған Айдар Мусин тағы бір әйелге де қарақшылық шабуыл жасаған екен. Ол менің машинанымның артқы орындығына отырып, қылқындырды. Пышақпен қорқытып, ақшамды тартып алған еді. Ал Александра Ашимова есімді келіншектің машинасының руліне өзі отырып алған да, басқалардың көлігін соққан. Онымен қоймай, ақша бопсалаған. Оған бір миллион теңгеден астам шығын келтіріпті.

Қатты стресс алдым, ұзақ уақыт психолгқа барып кеңес алдым, ұйқысыз түндерім өтті. Өз-өзіме әрең келдім. Үкім күшіне енген соң азаматтық сотқа береміз», - деді әнші Уатхан Заханқызы.

Еске салсақ, Уатхан Зақанқызы мейрамханалардың бірінде болған тойға қатысып, көлігін қыздырып отырғанда артқы есіктен кірген еңгезердей ер адам оған бас салған. Қылмыскер әншіні 5 сағат азаптаған. Мойнынан қылқындырып, ақшасын тартып алған. Бір қолы байлаулы Уатхан Заханқызы қылмыскердің бұйрығымен түні бойы қала көшелерін көлікпен шарлаған. Содан әншіні қараңғы қуысқа апарып зорламақ та болған. Алайда, Зақанқызы «аяғым ауыр» деп жалынып, сорақы жағдайдан құтылып кеткен.

Түнде қыз-келіншектерді тонаумен айналысқан жігіт отбасылы болып шықты. Жәбірленушінің сөзінше, 39 жастағы қаскөй екі рет отбасын құрып үлгерген. Кәмелкеттік жасқа толмаған екі баласы бар Айдар Мусиннің ҚР ҚК-нің 193-бабы («Қарақшылық») 3-тармағының 3-бөлімі (осы әрекетті бірнеше рет қайталау) және ҚР ҚК 200-бабының 1-тармағы («Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу, айдап кету») бойынша айыпты деп танылды.

«Кешірім сұрап қарт әке-шешесі келді. Бірінші некесінен бір баласы, екінші некесінен екі ұлы бар екен. Егер жігіттің тұрмыстық жағдайы нашар болса, түсінер едім. Медеу ауданындағы байлардың қалашығында коттеджде тұрады. Қымбат джип мінеді. Яғни, жоқшылықтан, жетіспеушіліктен әйелдерді тонамайды. Сонықтан да біз кешірім бермедік.

Менен тартып алған 70 мың теңгені ғана әке-шешесі қайтарып берді. Мусиннен зардап шеккен тағы бір әйелмен менің ісім сотта бірге қаралды. Енді екеуіміз де материалдық және моральдық өтемақы өндіру бойынша тағы сотқа береміз. Қылмыскерді тауып, жазаға тартқан құқық қорғау органдарына рақмет», - деді әнші.

Тағы оқи отырыңыз: «Мойнымда пышақ»: белгілі әнші қарақшының құйтырқылығынан қалай құтылғанын айтты

Уатхан Заханқызының айтуынша, қаскөй жазасын жартылай ғана мойындаған. Әйелдерді тонауды әдетке айналдырған Айдар Мұратұлы жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі түзету мекемесінде өтейді. Сот үкімі күшіне енген жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары