Өткен жылы тұрақты түрде рейдтер мен тексерулер жүргізілсе, биыл ондай қажеттілік жоқ, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Astana.gov.kz сайты жазғандай, бұл туралы жыл сайынғы «Үздік жарнама» байқауында Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы әкімшілік бөлімінің бас маманы Талғат Ермағанбетов мәлім етті.
– Негізінен, ұсақ бұзушылықтар ғана тіркеледі, оларға ауызша ескерту жасаймыз. Содан кейін барлық қателіктер түзетіледі. Жарнаманың сапасы артып келеді. Бұл қуанарлық жайт, – дейді басқарма қызметкері.
«Үздік жарнама» байқауы екінші жыл қатарынан өткізілді. Биыл оған 15 компания қатысты. Заңды тұлғалар қазылар алқасына мемлекеттік және орыс тілінде 2 жарнаманың нобайын ұсынды. Басты критерии тақырыптың өзектілігі, жарнама мәтінінің мазмұндылығы, креативтілігі мен дизайнерлік рәсімдеу шеберлігі болды. Байқаудың мақсаты қазақ тілін қолдану аясын, тіл мәдениетін және жарнаманы көркемдік орындау жаңашылдығын кеңейту болып табылады. Шара Қазақстан халқы тілдерінің XVI қалалық фестиваліне орай өткізілді.