$ 525.11  546.74  4.88

366 күнді құраған ұлу жылы: 2024 несімен есте қалды?

Шоу-бизнес пен спортта да даулы оқиғалар тіркелді.

Фото: ЖИ
Фото: ЖИ

2024 жыл қазақстандықтардың есінде қалатын айтулы оқиғаларға толы болды. 366 күнге созылған ұлу жылын ел халқы жадынан оңай шығара қоймайды. Оған себеп 2024 жылы болған бірнеше резонансты жайттар. Skifnews.kz ақпарат порталы жылан жылы басталмас бұрын өткенге шолу жасап көрмек. 

Сілкінген Алматы

Қаңтар айы Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін әбігерге толы болды. Бірнеше балдық көрсеткішті көрсеткен жер сілкінісі халықтың үрейін ұшырды. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, 23 қаңтарда Астана уақыты бойынша сағат 00:09-да (қайталанып Алматыда сағат 00:42-де - 2 баллдық және 01:36-да сезілмей) Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 км жерде эпицентрі Қырғызстан мен Қытай шекарасында орналасқан жер сілкінісі тіркелді. Алматы – 5 балл, Шымкент – 2 балл.

Бірыңғай уақыт белдеуі

Осы жылдың көктемінде бірнеше өзгерістер мен оқиғалар болды. Солардың бірі Қазақстанның бірыңғай уақыт белдеуіне өтуі. «Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы» Үкімет қаулысына өзгерістер енгізілді. Өзгерістерге сәйкес, 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағындабірыңғай уақыт белдеуі орнатылды. Алайда бұл уақыт белдеуіне қарсы шығып, петиция жариялағанда болды.

Көктемгі су тасқыны

2024 жылдың көктем мезгілі халық үшін оңайға соққан жоқ. Қалалар мен елдімекендерді су басу қауіпі айтарлықтай жоғары болды. Тіпті адам шығыны да тіркелді. Ең қиын жағдай Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, сондай-ақ Абай, Ұлытау облыстарында байқалды. Республикалық және 12 облыстық штабтар орналастырылды. Тіпті Президенттің өзі апат болған өңірлерге барып, халықпен кездесті.

Бишімбаев "сериалы"

Көктемдегі су тасқыны мен қатар Қуандық Бишімбаевтың соты да ел халқын өзіне қаратты. Өзінің әйелін ұрып өлтірген экс-министрдің сот процесін біздің ел ғана емес, басқа мемлекеттер де бақылауда ұстады. Екі айға созылған сот нәтижесінде Қуандық Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (қинау) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Бишімбаев түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айырылды.

Осыдан кейін Қазақстан қоғамы «Cалтанат заңы» деп атап кеткен Заңға Президент қол қойды. Қабылданған заңның басты міндеті – балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастыру негіздерін жетілдіру, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу.

Париж Олимпиадасы

2024 жылы дүбірлі дода Париж Олимпиадасы өтті. Олимпиада нәтижесі бойынша боксшылар өте төмен көрсеткіш көрсетіп, бір ғана күмісті қанағат тұтты. Шаршы алаңға шығатын былғары қолғап шеберлерінен алтын күткен жанкүйерлердің үміті ақталмай, бокстағы былық елдің назарында болды. Әрине, Елдос Сметовтің жылдар бойы күткен жеңісін айтпай кетуге болмайды.

Естеріңізге сала кетейік, Париж Олимпиадасынан кейін бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов жаттықтырушылық қызметінен кетті.

Жанқош Тұраровқа тағылған айып

Осы жаздың шулы оқиғаларынын бірі боксшы Жанқош Тұраровқа тағылған айып болды. Жанқош белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлінің қызы Әнару Құрманәліні зорлады деген күдікке ілінді. Кейін айғақтар мен дәлелдердің жеткіліксіздігінен іс жабылды. Алайда артынша қайтадан іс қозғалды, бүгінде нақты шешімі әлі айтылған жоқ.

Көшпенділер ойыны

Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны еліміз үшін нәтижелі аяқталды. Дүбірлі доданың ұйымдастырылу деңгейі Париж Олимпиадасынан да жоғары өтті дегендер болды. Еліміз командалық есепте алға шығып, жеңіс тұғырынан көрінді. Бұдан бөлек дода әлемге әйгілі Димаш Құдайбергеннің шоу-концертімен қорытындыланды.

АЭС

Осы күздің ең маңызды тақырыбы АЭС болды. 2024 жылдың 6 қазанында елімізде АЭС салу бойынша референдум өтті. Референдумға шығарылған мәселені оң шешуге дауыс берген азаматтардың саны 5 миллион 561 мың 937 адамды немесе 71,12% құрады. Дауыс беруге құқылы азаматтардың тізіміне 12 млн 244 мың 683 азамат енген.

Талғардағы Шерзат оқиғасы

4 қазан күні Талғар қаласында болған қайғылы жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. 16 жастағы Шерзаттың өліміне қатысты іс Ішкі істер министрінің жеке бақылауында. Кейін марқұмның отбасы тұратын үйді өртеп жіберді. Шерзат оқиғасы енді басыла бергенде туыс ағасы да өлі табылып, Қаржаубай Нұрымов қамауға алынды. Бүгінде 170-тен аса куәгерден жауап алынып, 5 бап бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр.

Перизат Қайрат ісі 

ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді. Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 млн теңгеге "Lexus LX-600" және 39 млн теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алған.

Шавкаттың жеңісі

Ұлу жылының қуанышты әрі жағымды жаңалықтарының бірі де бірегейі Шавкат Рахмоновтың жеңісі болды. Қазақстандық Шавкат Рахмонов (18-0) Лас-Вегаста (АҚШ, Невада штаты) UFC 310 турнирінде ирландиялық файтер Иэн Гэрримен жекпе-жекке шығып, төрешілердің бірауыздан шешімімен қарсыласынан басым түсті. Осылайша Шавкат кәсіби мансабында он тоғызыншы мәрте жеңіске жетіп отыр. Ал Иэн Гэрри алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татты.

Ақтау маңына құлаған ұшақ

Жылдың аяқталуына аптадан да аз уақыт қалғанда Ақтау маңына жолаушылар ұшағы құлады. Желтоқсанның 25-і күні таңертең Әзірбайжан астанасы Бакуден Грозныйға ұшқан Әзірбайжан әуе жолдарының ұшағы төтенше жағдай туралы белгі берді. Құлағаннан ұшақтан 29 адам аман қалды, оның екеуі экипаж мүшесі. Бортта барлығы 67 адам болған. 

2024 жыл жоғарыда тізіп өткен ел аузында болған оқиғалардан бөлек басқа да шулы жаңалықтарға толы болды. Шоу-бизнес пен спортта да даулы оқиғалар тіркелді. Солардың бірі футболдан бас бапкердің ауысуы болса, енді бірі Баян Мақсатқызының екі бірдей сәбидің анасы атануы болды. Станислав Черчесовтің күйін футболшы Нұралы Әліп те кешіп, хейтке ұшырады. Одан бөлек ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов өз орынын босатты. Осы сияқты ірілі-ұсақты оқиғаларға толы 2024 жыл да әне-міне дегенше өз мәресіне жетті. Келер жылы редакциямыз жазатын жағымды жаңалықтар мол болсын деген бір тілек бар.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 6
Ұнамайды 3
Күлкілі 0
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары