Тәжікстан билігі Өзбекстанмен бірлесіп, екі ел шекарасы маңын минадан тазалау операциясын бастағанын мәлімдеді деп жазады Азаттық.
Тәжікстан Ұлттық қаіпсіздік комитетінің хабарлауынша, минадан тазалау жұмыстары Өзбекстанның Самарқан облысымен шекаралас Соғды облысы Пенжикент ауданында басталды.
Алайда, тәжік-өзбек шекарасында миналанған аумақтың жалпы көлемі жайындағы ақпарат жарияланбады. Ресми емес мәлімет бойынша, миналанған аумақтың көлемі 9,5 шаршы шақырымды құрайды.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің биыл наурызда Тәжікстанға ресми сапары барысында 2019 жылдың соңына дейін шекараларды минадан тазалау жұмысын толық аяқтау жөнінде келісім жасалған.
Өзбекстан Тәжікстанмен шекаралас аумақты 1990-жылдардың соңында миналап тастаған. Сол кезде ресми Ташкент миналау арқылы "Өзбекстан Ислам қозғалысы" ұйымының содырларын аймаққа өткізбейміз деп мәлімдеген. Тәжікстанның ресми есебі бойынша, соңғы 20 жылда минадан 800 тәжікстандық зардап шеккен.