Қазақстандағы қару-жарақтың жартысы кеңес дәуірінде жасалған. Бұл туралы Қазақстанның қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Тимур Дәндібаев сенат кулуарында айтты, деп жазды Sputnik.
Қорғаныс министрлігі басшысының орынбасары Түркістан облысындағы әскери бөлімде болған жойқын жарылыстың себебі туралы тілшілерге пікір білдірді.
Дәндібаевтың айтуынша, қазір өңірде арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр, оқиғаның себебін солар анықтайды.
«Бізде күнде бірдеңе жарылады деуге болмайды. Төтенше оқиғалар бізде ғана емес, басқа елдерде де болады. Қару-жарақ, әскери техника бар жерде үнемі қауіп бар. Себебін анықтаймыз», - деп мәлімдеді министрдің орынбасары.
Тілшілер «қоймадағы ескі қару-жарақ жарылысқа себеп болды ма?» деп сұрағанда, министрдің орынбасары республикада әлі күнге дейін кеңес заманынан қалған қару-жарақ бар екенін атап өтті.
«Біз жарамдылық мерзімі өткен қару-жарақ пен оқ-дәрі түрлерін жойып отырамыз. Бұл өте қымбат тұратын процесс», - деп хабарлады Дәндібаев.
Оның айтуынша, қазір Қазақстандағы қару-жарақтың 50 проценті кеңес дәуіріне тиесілі.
Сонымен бірге қорғаныс министрінің орынбасары айтқандай, әзірге бірдеңе айтуға ерте, жарылыстың нақты себебі арнайы комиссияның қорытындысынан кейін белгілі болады.
Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті органдарға Арыстағы әскери бөліміндегі оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстың зардаптарын жою туралы тапсырма берген болатын.
Бұған дейін Арыс қаласындағы әкери қару-жарақ қоймасындағы жарылыс болғанын жазған едік.
Кейін тұрғындардың қауіпсіз жерге көшіріліп жатқаны жайлы ресми ақпарат тарады.
Сондай-ақ, заңгер Айгүл Орынбек Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына видео жариялап, ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа шара қолдануды сұрады.
Соңғы мәліметте 34 адамның дәрігер көмегіне жүгінгені хабарланған.
Одан бөлек, Арыстағы жарылыс салдарынан Шымкенттегі №1 қалалық ауруханада 3 адам ауыр хәлде екенін жазған болатынбыз.