$ 498.34  519.72  4.85

«Ескі ғой, ескі»: Қазақстанда Fokker 100 ұшағын пайдалануға уақытша тыйым салынды (ФОТО)

«Біз жерді қойып, көкте ұшатын ұшақтың да буу-ларын халыққа ұсынамыз. Жауапкершілік те, қорқыныш та жоқ».
фото: sputniknews.kz
фото: sputniknews.kz

Алматы маңындағы әуе апатынан кейін оқиғаның мән-жайын анықтағанша Fokker 100 ұшағын пайдалануға уақытша тыйым салынды, деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Айта кетсек, бүгін жоспар бойынша 07.05-те Алматы – Нұр-Сұлтан бағытында ұшып шыққан 2100 рейсті «Bek Air» әуекомпаниясының борты радардан жоғалып кеткен еді. Одан кейін ұшақтың бетон қоршауды бұзып, 2 қабатты нысанға соғылғаны анықталды.

Ведомствода атап өткендей, Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша премьер-министр орынбасарының басшылығымен үкіметтік комиссия құрылды.

Ал ІІМ жедел қызмет көрсету штабы құрылып, мына шұғыл желінің жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді: 8 (7172) 53-32-84; Алматы облыстық ТЖД - 8 (7282) 22-02-13, 22-02-18; Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД - 8 (7172) 24-52-12, 24- 51-71, 24- 51- 47.

Осы орайда, желі белсендісі Жайық Нағымаш facebook парақшасына өзінің «Bek Air» әуекомпаниясы ұшақтарының сапасынан бұрыннан күдіктеніп жүргенін жазды.

«Осы Бек-Эйр ұшақтарына мінген сайын көңілімді күдік жайлаушы еді. Ескі ғой, ескі. Айналайын-ау, біздің елде жерде мініп жүрген ескі-құсқы көліктерді Еуропада тек свалкадан табасың. Ол елдерде қанша жерден күтіп-баптасаң да су жаңа көлікті 5 жылдан артық пайдалануға тыйым салады. Себеп – экология. Экология деген – адам өмірі, денсаулығы, қауіпсіздігі. Ал біз жерді қойып, көкте ұшатын ұшақтың да буу-ларын халыққа ұсынамыз. Жауапкершілік те, қорқыныш та жоқ. Қаза болғандардың отбасыларына Алла жәрдемші болсын», - деп ашынды жазба авторы.

Сондай-ақ, журналист Бауыржан Карипов Талғар мешіттері әкімдікпен ақылдасып, апат болған жерде құтқарушыларға ас әзірлеп, полиция қызметкерінің кішкентай сәбиді көтеріп жүгіріп бара жатқан суреттерін жариялады.

Бұған дейін жазғанымыздай, бүгін таңертең бортында 95 жолаушысы бар Bek Air ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, жауаптыларды жазалауға уәде берді. 

Кейін ұшақта болған 93 жолаушының толық тізімі жарияланып, зардап шеккендер жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Осы оқиғаға байланысты елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты. Қазіргі уақытта барлық қан тобына донорлар іздестіріліп жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#апат #ұшақ