Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевтың айтуынша, қазір шаһардағы бірқатар көшелерде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл бағытқа бөлінген 8 миллион теңгенің 2 миллионы – республикалық, 6 миллионы – жергілікті бюджеттен. Бүгінде 564 көше, 1 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі мен 5 көпірдің құрылысы жүріп жатыр.
Жиында журналистер үшінші мегаполистегі шұрық-тесік жолдарды сынға алып, сала басшыларына сауал жолдады. Сондай-ақ жыры бітпейтін жолаушы тасымалдаушы компаниялардың қызмет сапасы да назардан тыс қалмады. Жалпы, Шымкентте 27 көлік компаниясы бар. Олар 1155 көлік құралымен 80 бағытта жолаушы тасымалдайды.
Брифингте бұдан өзге автобус кондукторларының жұмыс істеу мәдениеті де сөз болды. Аялдамада айқайға басатын олар үшін арнайы заң жоқ. Дей тұрғанмен, 2017 жылы 22 кондуктор әдеп сақтамағаны үшін жұмыстан қуылыпты.
«SN.kz»-ақпарат.