$ 494.87  520.65  4.91

Шымкент мектептерінде ақша жинауға қатаң тиым салынды

Шымкент қаласында мектептерде қосымша қаржы жинауға қатаң түрде тыйым салынған. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай Instagram парақшасында жария етті.

«Оқу жылының аяқталуына орай, бүгін мектеп, колледж директорларымен арнайы мəжіліс өткіздім. Оған мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері де қатысты. Мəжілісте оқулық мəселесінен бастап мектептерде жөндеу жұмыстарын атқару міндеттері талқыланды. Алдағы емтихан кезеңі мен мектептердегі қаржы жинау мəселесі сөз болды.

Қала əкімі Ғабидолла Рахматоллаұлының тапсырмасына сəйкес, Шымкентте үшінші жыл қатарынан мектептердегі ағымдағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлінеді. Əрине, оқу жылы аяқталған соң, мектептер белгілі бір деңгейде жөндеуді қажет етеді. Бірінің дуалын сырлау керек болса, енді бірінің кафелін ауыстыру қажет. Биыл мектептерді ағымдағы жөндеуден өткізуге 260 млн. теңге қаралып отыр. Сондықтан, мен барлық ата-аналарға, мұғалімдерге, мектеп директорларына ресми түрде мəлімдеймін: Шымкент қаласында қандайда бір желеумен болмасын, қосымша қаржы жинауға қатаң түрде тыйым салынған.

Біз үшін басты мəселе - білім сапасын арттыру. Біз бүгінгі оқушыларға қандай білім берсек, болашақ мамандық иелері - дəрігерлер, тəртіп сақшылары, өндіріс мамандары, мұғалімдердің қандай болатыны өзімізге байланысты болып отыр. Сол себепті мұғалімдердің біліктілігін арттыруға көңіл бөлуді тапсырдым.

Бүгін əрбір оқушы үшін жауапты кезең - емтихан тапсыру науқаны басталғалы тұр. Мен жауапты мамандарға бұл кезеңді шиеленістірмей, қалыпты жағдайда өткізуді жүктедім. Мектеп бітіруші түлектің психологиялық ахуалы оқушының емтихан тапсыруына кедергі келтірмеуі қажет екендігін ескерттім.

Жазғы маусым - бұл балалардың тынығуы үшін тамаша кезең. Ал біз осы уақытты тиімді пайдаланып, балаларымыздың жаңа оқу жылында сапалы білім алуларына жағдай жасауымыз қажет», - деп жазды Қ. Нұртай.

«SN.kz» - ақпарат»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары