Журналист, қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы ҚР Білім және ғылым министрі Аймағамбетовке ғылым саласындағы былықтарды бүкпесіз жайып салды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ол өзінің Facebook-парақшасында оқуға түсуге ниеттілердің қанатын еріксіз сындырып жатқан әке-көкелерді сынап, көлемді жазба қалдырды. Сонымен қатар ол Асхат Аймағамбетовке үндеу жолдап, төмендегі мәселелерді жіті бақылап, назарына алуды сұрады.
"Құрметті министр мырза!
Ғылым саласына да жіті көңіл бөлуіңізді сұраймын. Ғылым - парақорлар мен қайыршылар мекеніне айналып бара жатыр.
Өз басымнан өткен жайттарды айтайын:
Мамандығым - театртанушы.
Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы Өнертану факультетіне магистратураға екі рет түсе алмадым.
2001 жылы санаулы орынды тамыр-таныстары бөліп алды...
2013 жылы 6 мың доллар пара сұрады. Сол пара сұраған Берістен (Арыстанбектің көп оң қолдарының бірі) көп ұзамай парамен ұсталғанын теледидардан көрсек те, көп ұзамай, қайтадан сол Т.Жүргенов академиясында қызметін жалғастырғанына куә болдық.
Өнертанушы болсам деген, осы салада ғылым іздесем деген арманым асқақ еді. Магистратураға парасыз грантқа түсу мүмкін еместігіне әбден көзім жеткен соң, үшінші рет 2014 жылы ақылы бөлімге түстім.
Тағы оқи отырыңыз:
«Үкімет 30 жылда ешқандай тірлікті ұйымдастыра алмады» - қоғам белсендісі
«Үкімет Тоқаевты, ал Тоқаев халықты алдағанына мәз» - қоғам белсендісі
PhD докторантураға да екі рет тапсырдым. Екеуінде де ағылшыннан әрең деп, "проходной" балл алсам да, "спецтен" барлық сұрақтарға жауап беріп, парақшама сұрақ жауаптарын салақұлаш жазып өткізсем де, Е.Обаев төрағалық еткен комиссия ағылшынша сұрақтар қойып, кезекті рет аяғымнан шалып құлатты... кімдер түскенін де көз көрді...
Ал Жүргенов академиясында 0.5 ставкамен жұмыс істеп жүргенімде ұстазым Тұңғышбай Жаманқұлов пен сол кездегі Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының арасындағы "қақтығыста" Жаманқұловтың сөзін сөйлегенім үшін (ұстазым болғандықтан емес, әділеттілік сол кісінің жағында деп есептегендіктен), әділеттілікті жақтағаным үшін, жаңа оқу жылы басталған күні (31 тамыз) жұмыстан шығарды... Күнкөріс үшін ешкіні - апа, текені - жезде дей алмайды екем... Мен қазір сондай адамдар еңбек ететін оқу орнын да, театрларды да, өнерді де, өнертануды да жек көрем. Олар соншалықты ластанып кетті...
"Бастық болу үшін магистрлік дәреже болу керек" деген сорлы талапқа байланысты, "бастық" болғысы келетін иттің итақайы да, биттің битақайы да шынайы ғылым қусам дейтін потенциалды ғалымдардың орнын әртүрлі жолмен "тартып" алды. Оған қосымша, өз салаңнан бұрын, ағылшын тілін білу міндеттелгені - қазақ ғылымын одан сайын ақсатпаса, алға оздырған жоқ. Бірінші басымдықты ағылшын тіліне беру - бүгінгі жағдайда - сорақылық. Ағылшын тілін - мектепті және ЖОО-ны кеңес кезінде бітірген бізден талап ету - тіпті қисынсыз еді... "Бастық" болу үшін магистратураға, PhD докторантураға түсетіндердің ағылшынға судай емес екені тағы аян...
Иә, ғылым - ағылшын тілінде. Алайда, ағылшын тілін мектепте де, ЖОО да қарық қып оқытпаған біздің ұрпақтан талап ету қисынсыздық еді. Ағылшын тілін бастауыштан бастап, аптасына 3-5 сағат оқитын кейінгі ұрпақ өсіп-жетіліп, ғылым жолына түскенше, біз секілді алдыңғы ұрпаққа кеңес кезіндегідей, ғылымды өз тілімізде игеріп, меңгеруге (әсіресе қазақ әдебиеті, қазақ өнері саласында!) мүмкіндік берілуге тиіс еді. Кеңестің ғылымы қай ғылымнан кем еді???
Ғалым дайындап шығару үшін ең алдымен сол салада не бітірді, жазған-сызғандары қаншалықты, ғылымға икемі бар ма, еңбегі бар ма - сол басты критерий болу керек емес пе? Жоқ. Жағдайы бар, тамыр-танысы бар көлденең көк аттының бәрі "ғалым" болды...
Менің айтып отырғандарым - бер жағы. Ішінара кірген, үңілген адамдар қазақ ғылымын күйреткен мың сан реформасымақтарды тізіп бере алады...
Ағылшын тілін басты критерий еткені - айналайын ғой. Биыл филологияға магистратураға тапсырған таныс сіңлім тест сұрағында математикадан (алгебра, геометрия) түрлі теңдеулерді шешу, алгоритмдік есептер мен дифференциалды теңдеулер болғанын айтып, "мен филологияға барып тұрмын ғой, математика немесе естественная наукаға емес... менің салам - гуманитарлық ғылым саласы ғой, маған теңдеу неге керек?.." деп, күйіп-пісіп, жылап алды. Мұны естігенде, айдалада отырған менің өзім тест орталығын барып өртеп жібергім келді...
Қысқасы, Асхат Аймағамбетов мырза, ғылым саласын да бұған дейінгі топас министрсымақтар мен тестілеу орталығы құлдыратып, тоздырып жіберді. Ғалымдардың айлығы - өз алдына қордаланған тағы бір өзекті мәселе. Оны айтсам, мен де жылаймын, сіз де жылайсыз, олар да жылайды... Байғұстар мемлекеттен грант алса, аздап көңілдері тоқ болып қалады. Грант ала алмаса, "шықпа, жаным, шықпа" деп, ана ВУЗда 0.5 ставка, мына ВУЗда 0.25 ставка деп жүріп, ғылыми жаңалық ашпақ тұрмақ, күнін әрең көреді...
Бұлай жалғаса беруі мүмкін емес қой!
Ғалымдарға ғылым іздеп табуына қашан мүмкіндік беріледі?", - деп ашынды ол кезекті жазбасында.