$ 494.87  520.65  4.91

«Ақтөбе» Бухаресттен келген «Стяуаны» ұта алмады (ВИДЕО)

Футболдан ел чемпионы «Ақтөбе» командасы кеше УЕФА Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңінің үшінші айналымында румындардың «Стяуа» командасымен алғашқы кездесуін өткізіп, 2:2 есебімен тең түсті, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Үшінші минутта-ақ алғашқы қауіпті сәт тудырған жергілікті команда жалпы ойынның өн бойында басымдық білдірген еді. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, доп ұстау көрсеткіші бойынша 53 те 47 пайыз, қақпаға соққы бағыттау жөнінен 19 да 11 (оның ішінде қақпаға тура бағытталғандары 9 да 5). Бұрыштама бойынша да ақтөбелік команда ойыншылары алда: 6 — 2.

Дегенмен, матчтағы алғашқы гол біздің команданың қақпасына кірді. 44-минутта қарсылас ойыншы Клаудиу Кешеру «Ақтөбенің» қақпасына гол соқты. Айып алаңының сыртынан тура бағытталған соққыны қақпашы Сидельников ұстай алмай, Клаудиу Кешерудің алдына салып бергені сол еді, қарсылас команданың шабуылшысы аяушылық білдірмеді. Есеп  1:0.

Ойынның бірінші бөлігін ұтылып аяқтаған «Ақтөбе» келесі таймның басында есепті теңестіре алды. 58-минутта Валерий Коробкин бұрыштан берілген допты оңтайлы пайдалана білді. Есеп — 1:1.

Ойындағы үшінші гол тағы да ақтөбеліктердің өз қателігінен орын алды. Алдыңғы голға қақпашы кінәлі болса, бұл жолы қорғаушылар өз қақпасына керемет гол салғандай әсер қалдырды. Әлдеқайда алыстан бағытталған соққының жолында пайда бола кеткен «Ақтөбе» қорғаушысы ұшып бара жатқан доптың жолына басын қолайсыз қоя салды. Нәтижесінде доп ұшу бағытын өзгертіп, біздің қақпаның оң жақ тоғыздығына барып қадалды. Ал, бұл кезде Сидельников қақпаның сол жағына қарай құлаш жаза секіріп жатқан болатын. Есеп — 2:1.

Алайда, тым болмаса тең ойын нәтижесін ұстап қалу үшін бар күшін сарпи шабуылдаған «ақтөбеліктер» де ұпайсыз қалмады. Ойынның негізгі уақытының аяқталуына небәрі 2 минут қалғанда дәл қақпа маңында оңтайлы пас алған қорғаушы Роберт Арзуманян қарсыластар қақпашысын алдамшы қимылмен жерге сұлата соққы жасады. Соққысы далаға кеткен жоқ. 88-минут, есеп — 2:2.

Бұдан ары төрешілер ойынның негізгі уақытына тағы 5 минут қосқанымен, есеп өзгеріссіз қалды. Енді «Ақтөбе» 6 тамыз күні Бухарестте өтетін қарымта ойынға барады. Ондағы матч Астана уақыты бойынша сағат 23.30-да басталуы тиіс.

Айта кетейік, ойын барысында «Ақтөбе» сапында тек төрт қана отандасымыз (Сидельников, Мулдаров, Мирошниченко, Хайруллин) ойнаған болса, олардың бірі — Марат Хайруллин 55-минутта тағы бір өзбекстандық легионер Тимур Кападзеге алмастырылды. Ал, Мулдаров Қазақстан азаматтығын алған ресейлік футболшы. Ол былтырдан бері ғана «Ақтөбе» футбол клубы мен Қазақстан құрамасында ойнап келеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары