$ 494.87  520.65  4.91

«Шахтер» жарағанмен, «Астана» басым түсе алмады (ВИДЕО)

Кеше елордалық «Астана» және қарағандылық «Шахтер» футбол клубтары УЕФА Еуропа лигасының іріктеу турларындағы кезекті ойындарын өткізді. «Шахтер» қарсыласынан 4:2 есебімен басым түссе, «Астана» тең есеппен (1:1) ғана шектелді, деп хабарлайды, Skifnews.kz.

Қарағандыда өткен матчта «Шахтер» хорватиялық «Хайдук» командасын ұтты. Жерлестеріміздің сапынан 10-минутта Мехмет Топчагич (1:0) есеп ашқанымен, қарсыластардан Сандро Готаль 19-минутта теңестіріп кетті (1:1). Ал, 21-минутта «Шахтер» капитаны Андрей Финонченко қақпа түбіне берілген пасқа үлгеріп, команданың екінші голын соқты (2:1). 70-минутта қорғаушы Алдин Джидич бұрыштамадан берілген допты баспен бағыттап, қарағандылықтардың басымдығын нығайта түсті (3:1). Бірақ, 78-минутта Мокин қақпасына алыстан бағытталған айып добы жолай Мақсат Байжановтың қолына тиіп, төреші 11 метрлік пенальти белгіледі. Қарсыластар қатарынан Мийо Цакташ тура соққы жасауда қателескен жоқ (3:2). Дегенмен, ойынның соңы қарағандылықтар үшін қуанышты сәтпен аяқталды. Алаңға ауысып шыққан жас ойыншы Тоқтар Жанқылышбай 90-минутта командасының төртінші голын соқты (4:2).

Астанада өткен матч бірінші ойынға қарағанда сүреңсіздеу өтті. Жерлестеріміздің швециялық «АИК» командасын ірі есеппен ұтып шығуына мол мүмкіндік бола тұра тек тең есеппен ғана шектелдік. Оның өзінде ұтылып жатып, қауқарымыз тек теңестіруге ғана жетті.

Қарсы шабуылға ғана иек артқан қарсылас ойыншылар ойынның небәрі 9-минутында-ақ есеп ашты (1:0). Гол соққан — Набиль Бауи. Күтпеген жерден өткір шабуылға тойтарыс бере алмаған астаналықтарға бірінші таймның соңына дейін ұтыла тұруға тура келді. Бірнеше сәтсіз шабуылдардан кейін 42-минутта сол қапталда Фокси Кетебоамадан көтере пас алған шабуылшы Таңат Нөсербаев баспен тамаша гол салды (1:1). Осы қос голдан артық соғылған допты көре алмадық.

Дегенмен, Нөсербаевтың бір голын төрешілер оффсайд деп санамай қойды. Сонымен қатар, Кетебоаманың гол соғатын үш бірдей 100 пайыздық мүмкіндігі болғанын айта кетуіміз керек. Африкалық легионер қақпашымен екі рет жеке-дара шығып, тағы бір сәтте айып алаңына берілген керемет пасты голға айналдыра алмады.

Бірқатар сарапшылар «Астананың» сылбыр ойнауын премьер-лигадағы соңғы кездесуден көріп отыр. Олардың айтуынша, жексенбі күні «Атыраумен» өткен сол матч «Астананың» бұл жолғы ойынына қатты әсер етіп отыр. Ол ойында Кетебоама «Атырау» қақпасына үш гол соққан болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары