Ұшақ апатынан зардап шеккен 53 адам Алматы қаласының ауруханаларына жатқызылды, олардың 10-ы - ауыр халде, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство өкілі апаттан зардап шеккен 51 адамға шұғыл медициналық көмек көрсеткенін атап өтті. Айтуынша, дәрігерлер апат болған жерге 15 минут ішінде жеткен.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, 8 адам оқиға орнында қаза тапқан. Ал 2 адам тасымалдау кезінде, 2 адам ауруханада қайтыс болды» делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.
Алматы қаласына қарасты ауруханалардың қызметкерлері зардап шеккендерге көмекке келген.
«Зардап шеккендердің 53-і Алматы қаласының ауруханаларына жатқызылды, оның ішінде 9 бала бар. Сағат 12.50-де 10 ересек адамның жағдайы өте ауыр деп бағаланды», - деді министрліктің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтаннан Ұлттық нейрохирургия орталығы мен травматология ғылыми-зерттеу институтының мамандары авиациялық станциясының көмегімен ұшып шықты.
Сондай-ақ, 40 психолог зардап шеккендердің және қайтыс болғандардың отбасыларымен жұмыс жасап жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігі Алматы облысында ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
Бортында 95 жолаушысы бар Bek Air ұшағы 27 желтоқсанда таңертең апатқа ұшырады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, жауаптыларды жазалауға уәде берді. Апат салдарынан қаза тапқандардың саны 14-ке жеткенін жазған болатынбыз.
Кейін ұшақта болған 93 жолаушының толық тізімі жарияланып, зардап шеккендер жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Осы оқиғаға байланысты елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты. Қазіргі уақытта барлық қан тобына донорлар іздестіріліп жатыр.
Соңғы ақпаратқа сүйенсек, апат кезінде қаза тапқандардың саны 15-ке жетті, оның ішінде Informburo.kz ақпарат агенттігінің журналисі Дана Круглова, Қазақстан генералдар кеңесінің төрағасы болған.
Bek Air әуекомпаниясы ресми сайтында Алматыдағы ұшақ апатына қатысты мәлімдеме жасады.
Президенттің бұйрығымен 28 желтоқсан "Жалпыұлттық аза тұту" күні деп белгіленді.