Алматыда ұшақ апатынан қаза болғандар мен зардап шеккендер туралы жаңа ақпараттар тарап жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Zakon.kz хабарлауынша, апаттан Нұр-Сұлтан қаласының дәрігері Арман Исина көз жұмды.
«Қаралы хабар. Бұл ұшақта біздің екі қызметкеріміз болды. Исина Арман мен Мұқашева Салтанат Ауруларды басқару бағдарламасының үйлестірушілері ретінде келісімшартпен қабылданған. Қаза болғандар тізімінде Арман Исинаның аты-жөні де жүрді... Жүрегіміз зырқ етті. Әрине, орны толмас қайғы. Осыдан бірнеше жыл бұрын, ол Ауруларды басқару бағдарламасының пилоттық жобасын алдымен бір облыста сынап көріп, содан кейін оны бүкіл Қазақстан бойынша енгізді. Сондай еңбекқор адам еді. Иманды болсын! Салтанат Мұқашева қазір ауруханада жатыр. Біз оның тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз», - деп жазды №10 астаналық клиника Facebook-парақшасында.
Басшысы Гүлнар Алпысбекова бастаған №10 қалалық емхананың ұжымы ұшақ апатынан қаза болғандардың барлық туыстарына көңіл айтады.
Қаралы жайтқа байланысты елордалық клиника жоспардағы барлық мерекелік шараларды өткізбеу туралы шешім қабылдады.
Апатқа ұшыраған Bek Air ұшағының екінші ұшқышының жағдайы белгілі болды.
54 жастағы Миржан Мулдахунов № 4 ауруханаға жеткізілді. Ұшқыш ауруханаға жабық ми жарақатымен түсті. Миы шайқалған, сол жақ беті мен шүйде тұсы жыртылған. Кеуде тұсы ауыр соққы алған. Ал әуе кемесінің командирі 57 жастағы Марат Мұратбаев оқиға орнында қаза болды.
Sputniknews.kz жазуынша, танымал қазақстандық адвокат, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айман Омарова ұшақ апатынан аман қалды.
"Мен аманмын. Бұл рейске отыруым керек еді. Көмекшімді жібердім, алайда соңғы сәтте Көкшетау арқылы Петропавлға ұшатын болдым. Жағдай осындай. Ол рейспен ұшпадым. Қазір соттамын. Демек, мен әлі керек болғаным ғой", - деді адвокат.
Жолымбет Мәкіштің мәлімдеуінше, Арқалықтың жігіті Абай Нұрбаев осы апаттан көз жұмды.
37 жастағы азамат жаңа жылды әке-шешесімен, отбасымен Арқалықта қарсы алғысы келген. Жиған-тергеніне отбасына ұшаққа билет алған. Ұшақта 4 баласы, өзі, әйелі болған. Қазіргі уақытта әйелі есін жиды. Артындағы 2-3 баласы (нақты емес) реанимацияда жатқан көрінеді.
Ертең Абай Нұрбаевтың жаназасы оқылады.
ҚазГУ-дің 4 курс студенті Сания Аманжол да осы ұшақта жан тәсілім етті. Ол жаңа жыл қарсаңында Астанадағы құрбысына соғып, одан әрі Павлодарға жол тартпақ болған.
Бортында 95 жолаушысы бар Bek Air ұшағы 27 желтоқсанда таңертең апатқа ұшырады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, жауаптыларды жазалауға уәде берді. Апат салдарынан қаза тапқандардың саны 14-ке жеткенін жазған болатынбыз.
Кейіннен ұшақта болған 93 жолаушының толық тізімі жарияланып, зардап шеккендер жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Осы оқиғаға байланысты елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты. Қазіргі уақытта барлық қан тобына донорлар іздестіріліп жатыр.
Соңғы ақпаратқа сүйенсек, апат кезінде қаза тапқандардың саны 15-ке жетті. Оның ішінде Informburo.kz ақпарат агенттігінің журналисі Дана Круглова, Қазақстан генералдар кеңесінің төрағасы болған.
"Bek Air" әуекомпаниясы ресми сайтында Алматыдағы ұшақ апатына қатысты мәлімдеме жасады.
Президенттің бұйрығымен 28 желтоқсан "Жалпыұлттық аза тұту" күні деп белгіленді.
Осы апатты оқиғаға байланысты дәрігерлер зардап шеккендерге қандай көмек көрсетіліп жатқаны туралы айтты.
ІІМ ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабына сәйкес, «Ұшақтағы қауіпсіздік ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.