BEK AIR компаниясы ресми сайтында Алматыдағы ұшақ апатына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Құрметті қазақстандықтар! Қайғылы жағдайға байланысты BEK AIR компаниясының атынан қаза болғандардың туыстарына көңіл айтамыз.
Қазіргі уақытта біз оқиға орнында жұмыс істеп жатқан топтан ресми ақпарат күтіп отырмыз. Осы жағдайға байланысты қандай да бір анонимді хабарламалар келсе, жауап бермеуіңізді сұраймыз. Өйткені, алаяқтардың әрекеті болуы мүмкін. Ресми ақпаратты күтіңіз" делінген хабарламада.
Бортында 95 жолаушысы бар Bek Air ұшағы 27 желтоқсанда таңертең апатқа ұшырады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, жауаптыларды жазалауға уәде берді. Апат салдарынан қаза тапқандардың саны 14-ке жеткенін де жазған болатынбыз.
Кейін ұшақта болған 93 жолаушының толық тізімі жарияланып, зардап шеккендер жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Осы оқиғаға байланысты елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты. Қазіргі уақытта барлық қан тобына донорлар іздестіріліп жатыр.
Соңғы ақпаратқа сүйенсек, апат кезінде қаза тапқандардың саны 15-ке жетіп отыр. Оның ішінде Informburo.kz ақпарат агенттігінің журналисі Дана Круглова мен Қазақстан генералдар кеңесінің төрағасы болған.